Тағы да Талғар: 14 жастағы баланы оқушылар ұрып-соғып өлтірген

18.11.2025 09:47 Берік Арманов
Тағы да Талғар: 14 жастағы баланы оқушылар ұрып-соғып өлтірген
0
88
Фото: istockphoto.com

Алматы облысында 14 жастағы жасөспірім қаза тапты. Марқұмның ата-анасының айтуынша, баланы жоғары сынып оқушылары қатыгездікпен ұрып-соққан. Полиция қылмыстық іс қозғағанымен, туыстары оның бабы дұрыс емес деп есептейді, деп хабарлайды POLITICO.KZ Almaty.tv-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 13 қыркүйек күні кешкі уақытта болған. Туыстарының айтуынша, Әлихан серуендеу үшін сыртқа шыққан, алайда арада бір сағат өткеннен кейін ес-түссіз күйде табылған. Оқиға орнына жеткен әкесі ұлының денесінен жарақат іздерін көрген. Куәгерлер болса «баланың өзінен өзі құлап қалғанын» айтқан.

«Мен жүгіріп жеткенімде баламның қасында он шақты адам тұрды. «Не болды?» деп сұрағанымда, олар «Балаңыз еш себепсіз өзінен өзі құлап қалды» деп жауап берді», – деді қаза тапқан баланың әкесі Данияр Нұрғалиев.

Жақындары Әлиханның соққыға жығылғанына сенімді. Әкесінің айтуынша, дүкен камерасынан түсірілген видеода бір топ жоғары сынып оқушысы баланы тоқтатып, қараңғы көшеге қарай ертіп кеткені анық көрінеді.

«Біз баланы жансақтау бөліміне жеткізіп, есінен танып қалған себебін сұрағанымызда, дәрігерлер оның соққы алғанын айтты. Менің ойымша, олар оны әдейі қараңғы көшеге апарған. Тіпті күдіктілердің өз достарына «Қазір Әлиханды ұстап алып, ұрамыз» дегенін естігендер бар», — деді Данияр Нұрғалиев.

Талғар аудандық полициясы қылмыстық іс қозғады. Бір жасөспірім ұсталған. Марқұмның туыстары істі қайта саралауды және барлық қатысы бар адамды жауапқа тартуды талап етеді.

«Кәмелетке толмағанға дене жарақатын салып, оның өліміне әкелген факті бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады. Күдікті кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот шешімімен оған қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды», – деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий