«Талай жолдан өттім»: «Диета» тобының әншісі ауыр күндері туралы айтты
«Диета» тобының әншісі Жасұлан Базарбаев балалық шағында басынан өткен қиын күндері туралы әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
«Жұлдыз FM» радиосында «Неше жасыңыздан жұмыс жасадыңыз?» деген сұрақ қойылыпты. Ойланып қарасам, талай жолдан өткен екенбіз ғой…
5–6 жасымда ата-анаммен бірге 5 гектар жерге қауын еккен едік. Күзде қауын піскенде, қауын қақ жасап, күнге кептіріп сататынбыз. Үйдің үлкені болған соң, жұмысқа ерте араластым. Тоқырау жылдары не бәрі 11-12 жасымда Түркістан вокзалында пісте, лимонад саттым. Кейін Мақтаралға — Ильичке барып, ата-анаммен бірге нан саттық.
Базарда тұрып көзілдірік те саттым. Арман қуып Алматыға келгенде — базар аралап жүзім саттым, күн ысығанда арбамен су, күн салқындағанда терезеге жабыстырылатын плёнка саттым.
Үйге қайтарда жолай товар басып, «грузчик» те болдым, арасында даяшы, түнде күзетте болдым. Арасында тамада болдым. Қазір артқа қарасам — бәрі мектеп екен. Бірақ сол күндердің бәріне шүкір деймін. Өйткені сол еңбек, сол бейнет мені бүгінгі мен еткен…» - деп жазды әнші.
Соңғы жаңалықтар