Талдықорғандық депутат бір коттеджді үш адамға сатып жіберіп сотталды

15.07.2026 13:39 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Талдықорғандық депутат бір коттеджді үш адамға сатып жіберіп сотталды
194
Фото: ашық дереккөз

Алматыда бір үйді үш адамға сатып жіберген Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты Жарылқасын Болатұлы сотталды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Жуырда Медеу аудандық сотында «AMANAT» партиясының 44 жастағы мүшесі Жарылқасын Болатұлына қатысты үкім оқылды. Халық қалаулысы элиталық аудандағы коттеджін айламен сату арқылы 126 млн теңгеден астам заңсыз қаражат иемденген. Оқиға 2025 жылдың ақпан айында басталған. Жарылқасын Болатұлы үйін сатылымға шығарып, алғашқы сатып алушыдан 10 млн теңге көлемінде кепілақы алады. Алайда ол ғимараттың қызыл сызықта орналасқанын және сүрілу қаупі бар екенін жасырып қалғандықтан келісім бұзылған. Депутат ақшаны қайтарудың орнына клиенттің нөмірін бұғаттап, байланысқа шығуды толығымен тоқтатқан.

Біраз уақыттан кейін жылжымайтын мүлікке екінші сатып алушы табылады. Мәслихат депутаты оған үйдің банкте кепілде тұрғанын айтып, 116 млн теңге қарызды жабуды сұрайды. Клиент банкке барып қажетті соманы аударып, қалған 3 млн теңгені үй иесінің қолына ұстатып құжаттардың түпнұсқасын алады. Бірақ ғимаратта басқа да бұғаттар болғандықтан келісімді заңдастыру мүмкін болмай шығады. Ал банк өз кепілін алғаннан кейін Жарылқасын Болатұлы құжаттардың телнұсқасын жасатып, коттеджді үшінші адамға сатып жіберген.

Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындамағанымен сатып алушылардан ақша алғанын және оны өзіне тиесілі «Айсұлу» тігін фабрикасына салғанын растады. Ол бірінші клиенттің өзіне балағат сөздер жазғаны үшін бұғаттағанын, ал екіншісі банкпен өзі мәселені шешуі керек болғанын алға тартқан. Дегенмен депутат жәбірленушілерге келтірілген шығынды толық қайтарып берді. Істі қараған судья Жасұлан Құсайынов сотталушыны 6 жыл 8 айға орташа қауіпсіздік мекемесіне қамауға үкім шығарды. Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында әлеуметтік осал топтарға арналған сапасыз үйді сатқан депутаттардан 672 млн теңге өндіріп алу туралы шешімнің күші жақында жойылған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий