"Тамақ бермей, азаптаған". Қазақстандық әйел бір ай сексуалды құлдықта болған
Қазан айының соңында Степногорскте ер адам бір қызды ұрлап әкетіп, шамамен бір ай бойы сексуалды құлдықта ұстағаны белгілі болды. Бұл жағдайға байланысты жәбірленушінің туысы тергеудің әділ жүргізілуін талап етіп, дабыл қақты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Туысының айтуынша, әпкесі алтын өндіретін кен орнында күзетші болып жұмыс істеген, ал оны ұрлап әкеткен адам — сол жерде бірге істейтін әріптесі. Ол қызға үйленемін деп уәде беріп, сеніміне кірген, тіпті анасымен де кездесіп үлгерген. Соңғы рет қыз жігітінің өзін жібермей жатқанын айтып хабарласқаннан кейін байланыс үзілген.
Жәбірленушінің туысы оның көрген азабын былай сипаттайды.
“Ол нағыз тозақтан өтті. Оның үстіне, бұл іске бір адамның ғана қатысы болмауы мүмкін. Әпкем терезе арқылы әрең қашып шығып, аяқтарын жарақаттаған. Қан-жоса, әлсіз, үстінде киімі жоқ, қашып шығып, өтіп бара жатқан адамдардың аяғына жығылып, көмек сұраған. Қазір ол Степногорск қаласының ауруханасында жатыр”, – деп жазды Threads қолданушысы.
Оның сөзінше, қызға тамақ пен су берілмей, азапталып, есірткі қолдануға мәжбүрленген, ұйқысыз қалдырылған, ар-намысына қол салынған. Жәбірленуші қазір жүре алмайтын күйге жеткен, жанасуға да шыдамай, дірілдеп жылай береді. Бірақ дәрігерлер “мазасын алмай, ауыр халін ушықтырмау үшін” қасына туыстарды кіргізбей отыр, ал тергеушілер мен учаскелік қызметкерлерге ондай шектеу қойылмаған.
Туыстарының айтуынша, әлі күнге дейін қажетті сараптамалар жүргізілмегендіктен, сексуалдық зорлық болған-болмағаны да анықталмаған. Олар бұл процестің әдейі созылып жатқанынан қауіптенеді.
“Ең қорқыныштысы, барлығы оны нашақор сияқты көрсеткісі келіп жатқандай”, – деп алаңдаушылық білдірді. Жақындары жәбірленушінің басынан өткен жағдайды “өз еркімен болды” деп бұрмалау қаупі бар екенін де айтып отыр.
Ақмола облысының полиция департаменті істің Степногорск қалалық полиция басқармасында тіркелгенін растады. Ведомствоның мәліметінше, қыз ауруханаға жеткізілген кезде денесінен сынған шыныдан жарақат іздері табылып, есірткі және алкогольдік масаңдық белгілері байқалған.
“Тексеру барысында жәбірленуші тараптың уәждері мен оқиғаның барлық мән-жайы мұқият зерттеліп, соңғы процессуалдық шешім қабылданады. Азаматтардан ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз”, – деп хабарлады полиция.
Қыз қазір қаладағы психикалық денсаулық орталығында ем қабылдап жатыр.
Соңғы жаңалықтар