«Яндекс Go» өшкенде, inDrive такси бағасын үш есеге өсірді: іске бәсекелестікті қорғау агенттігі араласты
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі inDrive такси агрегаторына бәсекелестік туралы заңнама талаптарын бұзбау және тұтынушылардың құқықтарын шектемеу туралы ресми ескерту жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.
Агенттіктің осындай қадамға баруына 11 қазанда болған жағдай себеп болды. Сол күні «Яндекс Go» сервисінде техникалық ақау болып, жұмысы уақытша тоқтаған еді. Салдарынан inDrive қосымшасына сұраныс бірден күрт артып, кейбір бағыттар бойынша такси құны үш есеге дейін шарықтап кеткені БАҚ беттерінде кеңінен жазылды.
Осы оқиғадан кейін inDrive компаниясы тиісті шаралар қабылданғанын мәлімдеді. Агрегатордың хабарлауынша, сервис өз комиссиясын тек міндетті салықтарды өтеуге жететін ең төменгі деңгейге дейін түсірген. Сонымен қатар бағаның негізсіз өсіп кетуіне жол бермеу мақсатында жолаушы мен жүргізуші арасындағы саудаласу мүмкіндігіне шекті баға белгіленген.
Агенттік жолдаған бұл ескертудің негізгі мақсаты – нарықтағы заңсыз әрекеттердің алдын алу, тұтынушылар құқығын қорғау және такси қызметі саласында әділ бәсекелестік қағидаттарын сақтау.
Соңғы жаңалықтар