Танымал қазақстандық әнші құмар ойынға салынғанын айтты
Танымал әнші, “Қазақстан дауысы” жобасының жеңімпазы Шахаризат Сейдахмет құмар ойынға 9 жыл бойы тәуелді болғанын ашық айтты. Бұл туралы ол Аман Тасығанға берген сұхбатында бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Өнер иесінің айтуынша, бұл жағдай оның өміріндегі үлкен сынаққа айналған.
«Бұл — дерт. Қазіргі таңда ойынға келгенге дейінгі өмірлік көзқарасым қандай болды, соны зерттеп жатырмын. Бұл тәкәппарлықтан, менсінбеушіліктен, өркөкіректіктен пайда болған. “Қазақстан дауысы” жобасын жеңгеннен кейін басталды», – деді ол.
Әнші бастапқыда бұл жай қызығушылық болғанын, кейін әдетке, ал уақыт өте келе толық тәуелділікке айналғанын жасырмады.
«Басында қызық болды. Кейін әдетке, одан қажеттілікке айналды. Ең алғаш танысымды құтқаруға барып, өзім қалып қойдым. Ол қойды, мен жалғастырдым», – дейді Шахаризат.
Сондай-ақ ол мінезіндегі кейбір қасиеттер де бұл дертке әсер еткенін айтты.
«Мен жеңілгенді ұнатпаймын. “Мен жеңемін” деген оймен құмар ойынға кірдім. Бала кезімнен де тоқтай алмайтын әдетім болған», – деді әнші.
Шахаризат Сейдахмет тәуелділіктен арылу үшін арнайы оңалту орталығында ем қабылдаған.
«Оңалту орталығында 4 ай жаттым. Қазір 8 айдан бері таза өмір сүріп келемін. Екі күн тәуелді адамдармен жұмыс істеймін», – деді ол.
Қазіргі таңда әнші үлкен сахнаға шығуға және маңызды шешімдер қабылдауға асықпайтынын айтты. Оның сөзінше, бұл — емнің бір бөлігі.
Айта кетейік, Шахаризат Сейдахмет – “Қазақстан дауысы” жобасының 2014 жылғы алғашқы жеңімпазы.
Соңғы жаңалықтар