Таразда аялдамада тұрған 13 жастағы қызды ұрлап әкетпек болған (ВИДЕО)
Таразда белгісіз ер адамдар аялдамада тұрған 13 жастағы қызды алып кетпек болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 16 ақпан күні күндіз аялдама маңында болған. Оның видеосы желіде тарады. Желідегі ақпаратқа сәйкес, бейнежазбаны қыздың әкесі бейнебақылау камераларынан алған.
Жазбаны қарау барысында ол болған жайттың мән-жайын нақтылау үшін қызымен байланысқа шыққан, бұл әңгіме де видеода ішінара естіледі. Қыздың айтуынша, ер адамдардың бірі ақ түсті бас киім киген.
Тараз қаласының полициясы қызды ұрлауға әрекет жасады деген күдікпен ер адамдардың ұсталғанын хабарлады.
«Полицияға екі белгісіз ер адамның автокөлікпен аялдамада тұрған қызды ұрламақ болғаны туралы хабарлама түсті. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері жіберілді. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр.
Соңғы жаңалықтар