Тәуекел Мүслім: Өз әкем сияқты болғым келмейтініне 100% сенімдімін

28.09.2026 • 13:12 Томирис САҒЫНДЫҚ
Тәуекел Мүслім: Өз әкем сияқты болғым келмейтініне 100% сенімдімін
151
Фото: видеодан скриншот

Казахстандық актер әрі тележүргізуші Тәуекел Мүслім әкелік міндеті, бала тәрбиесіндегі өзіндік ұстанымы мен ішкі тебіреністері туралы бөлісті. Ол өзінің балалық шағындағы отбасылық қарым-қатынас тәжірибесіне тоқтала отырып, қазіргі уақытта ұлдарымен диалог құруға көбірек көңіл бөлетінін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы актер "Отец" подкастында айтты. 

Актер соңғы жылдары эмоциясын жасырмай, ашық білдіруге дағдыланғанын және уақыт өте келе бұрынғы психологиялық жарақаттарды еңсеріп келе жатқанын жеткізді.

«Бұрынғыдан да сезімталмын, мейірімдімін, көңілдімін. Көз жасыма ерік беруім де мүмкін. Тіпті әке тақырыбы қозғалғанда, көптеген подкастта эмоцияма ерік беретінмін. Қазір бұл жайлы сөйлескен сайын, ішкі сезімдерімді реттеп, бәрін жеңілірек қабылдай бастадым», – деді Тәуекел Мүслім.

Тәуекел Мүслім отбасындағы дәстүрлі авторитарлық тәрбие үлгісінен бас тартып, баламен түсіністікке негізделген қарым-қатынас орнатуды жөн көретінін атап өтті.

«Өз әкем сияқты болғым келмейтініне 100 пайыз сенімдімін. Мен оған толықтай қарама-қарсымын. «Сен баласың, мен әкеңмін, сондықтан мені тыңдауың керек» деген түсінікті үзгім келеді. Үлкен ұлым бірдеңені өзі істеуге ұмтылғанда, оның өз тәжірибесін жинап, сезінуі керек екенін түсінемін. Соған қарамастан, оған: «Үлкенмін әрі тәжірибем мол, сондықтан айтқанымды істейік» деп түсіндіруге тырысамын. Бұлай келісе қоюы сирек болса да, «Жоқ, болды, мен айтқандай болады!» демей, әрқашан сөйлесіп, түсіндіріп, келісуге тырысамын», – деді ол.

Сондай-ақ актер бос уақытын толығымен балаларына арнауға тырысатынын айтып, олардың алғашқы жетістіктеріне куә болудың маңыздылығына тоқталды.

«Ұлдарыммен уақыт өткізгенді өте жақсы көремін. Бос уақытымның бәрін соларға арнауға тырысамын. Өткен жылы Айтөрені шаңғыға берген едік, қазір шаңғы теуіп жүр. Жасы бесте. Ал биыл үлкендеу велосипед алып беріп едім, велосипед теуіп үйренді. Бұл – ерекше сезім. Балаңның өз қорқынышын жеңіп, нәтижеге өзі жеткенін көргендегі ерекше сезім», – деп қорытындылады Тәуекел Мүслім.

Войдите, чтобы оставить комментарий