Тау-шаңғы курортында болған өрттен қырық адам қаза тапты
Швейцарияның оңтүстік-батысындағы Кран-Монтана тау-шаңғы курортында жаңа жыл түні болған жойқын өрт салдарынан шамамен 40 адам қаза тапты, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы 2026 жылғы қаңтарда жергілікті полиция өкілдері мәлімдеді.
Қайғылы оқиға түнгі сағат 01:30 шамасында «Le Constellation» деп аталатын барда тіркелген. Өрт кезінде 115 адам түрлі дәрежеде күйік пен жарақат алған.
Полицияның хабарлауынша, қаза тапқандардың арасында Швейцария азаматтарымен қатар шетелдік туристер де бар. Вале кантоны полициясының басшысы Фредерик Гилер марқұмдарды және ауыр жарақат алғандарды анықтау біраз уақыт алатынын айтты.
Зардап шеккендердің 60-ы кантон астанасы Сьон қаласының ауруханасына жеткізілген. Қалғандары Женева, Лозанна, Берн және Цюрих қалаларындағы медициналық мекемелерге таратылған.
Вале кантоны кеңесінің төрағасы Матиас Рейнар көрші елдер – Франция, Германия және Италия зардап шеккендерді емдеуге көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.
Тергеу барысында қасақана шабуыл нұсқасы толығымен жоққа шығарылды. Өрттің нақты себебі әлі ресми түрде бекітілмегенімен, куәгерлердің айтуынша, оқиға шампан бөтелкесіне орнатылған фейерверктің төбеге тым жақын жағылуынан басталған. От өте жылдам таралып, қысқа уақыт ішінде бүкіл төбені шарпыған.
Құтқару және тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қосымша ақпарат кейінірек жарияланады.
Соңғы жаңалықтар