Таяу Шығыстағы жағдай ушықты

Иран соққыға жауап ретінде бастаған “ True Promise III” атты операциясы негізінде Израиль тұрғын аймақтарына, атап айтқанда Тел‑Авив, Хайфа, Петах‑Тиква және Бат‑Ям қалаларына шабуылдаған. 16 маусымда Иран жіберген 100-ден астам зымыраннан Израильде кемі 8 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Елде ерекше жағдай енгізілгенін Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Катс мәлімдеді.
Израиль өз кезегінде 20 маусымда Қом қаласына және Тегеран мен Исфахандағы “Құдс” күштерінің штабтарына соққы жасады. Бірнеше ядролық және әскери обьектілердің зақымдануы салдарынан ресми деректерде 224 адам қаза тауып, 1 800-ге жуық адам жараланған. Иран ақпарат көздері адам шығынын және нысандарға соққы жасалғанын растады. Алғашқы күні 78, екінші күні 60 адам қаза тапқан, оның ішінде 29-ы балалар.
АҚШ Президенті Дональд Трамптың халыққа үндеуінен
22 маусымға қараған түні АҚШ “Midnight Hammer” операциясын бастап, Иранның Фордо, Натанз және Исфахандағы маңызды нысандарын бомбалады. Ядролық нысандардың бүлінуі жайлы нақты дерек жоқ, алайда Иран билігі соққы жасалмай тұрып, материалдардың көшірілгенін айтады. Аймақтардың радиация деңгейін тексерумен МАГАТЭ айналысып жатыр. МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Мариано Гросси ядролық қауіпсіздікті сақтау мақсатында агенттік сарапшыларын Ирандағы нысандарға бағыттауды сұрады. Иран бұл шабуылға жауап ретінде Катардағы және Ирактағы АҚШ базаларына 6 зымыран бағыттаған.
13 маусымнан басталған Израиль-Иран шабуылдары әскери қақтығысты ушықтырып, аймақтық және жаһандық қауіп-қатерді арттырып отыр. Адам шығыны мен инфрақұрылым зардаптары елеулі. Екі елдің әуе кеңістігі жабылып, халықаралық рейстердің жүзеге асуына айтарлықтай қиындықтар тудырып жатыр. Едәуір дипломатиялық қысым және АҚШ-тың араласуына қарамастан, екі ел мәмілеге келген жоқ. Трамп 22 маусымдағы халқына үндеуінде “Иран 8 күнде шабуылды тоқтатпаса, арты ауқымды трагедияға ұласатынын” ескертті. Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи БҰҰ жарғысына сәйкес, Иранның бейбіт нысандарына жасалған соққыларға жауап қайтаруға заңды құқығы барын мәлімдеді.
Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчидің X желісіндегі жазбасы
Соңғы жаңалықтар





