«Теңге» атауы қайдан шықты – Тоқаев Астанадағы симпозиумда тарихи құпияны ашты

19.05.2026 18:20 Қарақат АСЫЛОВА
«Теңге» атауы қайдан шықты – Тоқаев Астанадағы симпозиумда тарихи құпияны ашты
66
Фото Ақорда

Астанада өтіп жатқан «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі, тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық валютаның шығу тарихына тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жиын барысында Президент Алтын Орданың ақша жүйесіндегі тың жаңалықтарға назар аударып, археологтардың осы кезге дейін беймәлім болып келген ондаған тиын сарайын тапқанын жеткізді.

«Мамандардың айтуынша, нағыз өрлеу кезеңінде Алтын Ордада шамамен 28 млн күміс тиын соғылған, ал қазіргі таңда мемлекеттік және жеке қордағы сол дәуірге тиесілі тиындардың жалпы саны 1 млн-ға жетеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ұлттық валютасы саналатын теңге атауы ұлыстың «данг» сөзінен тамыр тартатынын және көршілес елдердегі «деньги» сөзінің түбірі де осы ұғымнан тарауы мүмкін екенін ерекше атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, бұған жай ғана лингвистикалық сәйкестік ретінде қарауға болмайды, себебі бұл кең байтақ аймақта пайда болған ақша жүйесінің дәл осы Алтын Орда заманында жасалғанын көрсететін нақты дәлел болып табылады.

Сондай-ақ Президент тарихи мемлекеттің Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағын түгел бақылауда ұстап, даланы қауіпсіз тасымал дәлізі ретінде дамытқанын еске салды.

«Жошы Ұлысының аумағы арқылы жыл сайын мыңдаған тонна тауар өтіп жатты, атап айтқанда Қытайдан жібек, Үндістаннан дәмдеуіштер, Ресей жерінен тері өнімдері, Еуропадан, Таяу және Орта Шығыс елдерінен қолөнер бұйымдары тасымалданды», – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, жиын барысында Президент жаңа Конституциядағы тарихи сабақтастық мәселесіне кеңінен тоқталды.

Войдите, чтобы оставить комментарий