«Тежегіш істемей қалды»: сотта Пак жол апатының қалай болғанын айтып жылап жіберді
Алматыда Әл-Фараби даңғылында үш адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Zeekr көлігінің жүргізушісі сотталушы Александр Пак сот отырысына онлайн қатысып, одан жауап алынды.
Пак тағы да сот отырысында кешірім сұрап, жазадан қашпайтынын айтып, кінәсін толық мойындады.
«Мен үш отбасыға зиян келтірдім. Өзімнің және өз отбасымның өмірін құрттым. Шартты жаза алып кететін ойым жоқ, оны құптамаймын. Лайықты жазамды алуға дайынмын. Сондай-ақ жәбірленуші тараптардың БАҚ қысымына ұшырағанын қаламаймын», – деп көзіне жас алды.
Айтуынша, қазір ол не айтса да, сөзі бұрмаланып жатқандықтан, артық нәрсе айтудан қорқады.
Сотталушы жүргізуші куәлігін 18 жасында алғанын және содан бері 14 жыл бойы жол қозғалысы ережелерін бұзбағанын айтты. Сондай-ақ ол Zeekr маркалы автокөлікті жақында ғана, 2026 жылдың қаңтар айында сатып алғанын және көліктің алғашқы иесі екенін жеткізді. Оның сөзінше, оқиға болған түні көлік ақау туралы белгі берген.
«Мейрамханадан шыққаннан кейін Достық көшесімен төмен қарай келе жаттым. Әл-Фараби даңғылына жақындаған кезде ақауды көрсететін ескерту шамдары жанды. Бұған дейін де техникалық ақаудың белгілері байқалғанда жылдамдықты сәл арттырсам, олар өшіп қалатын. Сол себепті бұл жолы да алдымен сағатына 80 шақырым жылдамдықпен келе жатып, қозғалтқыштың айналымын көбейттім. Гүрілдеген дыбыс жоғалады деп ойладым. Содан кейін сол жақ жолақтан оң жақ жолаққа ауыса бастадым. Одан әрі не болғанын өзім де түсінбей қалдым. Спидометрге назар аудармадым. Қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткеннен кейін көлікті тоқтатуға әрекет жасап, тежегішті бастым, бірақ ол жұмыс істемеді. Жол-көлік оқиғасы орын алды. Одан кейінгісін мүлде есіме түсіре алмаймын. Көзімді ауруханада аштым. Маған қандай да бір операция жасалған екен. Есімді жансақтау бөлімінде жидым. Сол жерде маған үш адамның қаза тапқанын айтты», – деді сотталушы көзіне жас алып.
Ол жағдайға дұрыс баға бермегенін мойындап, мұндай жағдайда көлікті дереу тоқтатуы қажет болғанын айтты.
Сотталушы жол апаты болар алдында достарымен жиналғанын және сол жиында шотты өзі жапқанын мойындады. Бұған дейінгі сот отырыстарында достарының ешқайсысы шотты кім төлегенін білмейтінін айтқан еді. Түбіртекте алкогольді өнімдер болғаны айтылды. Алайда Пак та оған кім тапсырыс бергенін білмейтінін айтады.
Айта кетейік, бүгін сотта жол апатынан мерт болған Mercedes жүргізушісі марқұм Еламан Тілемесовтің әкесі Қанат Тілемесов жәбірленуші ретінде жауап берді.
Соңғы жаңалықтар