Украинаның соғысқа жұмсайтын ақшасы таусылуға жақын

Украинаның соғысқа жұмсайтын ақшасы таусылуға жақын
20.09.2025 23:11
0
218
Сурет Владимир Зеленскийдің ресми парақшасынан

Украинаның соғысқа жұмсайтын қаржысы Ресейден бұрын таусылуы мүмкін, деп хабарлайды британдық The Spectator журналы.

Украинаның соғысқа жұмсайтын қаржысы Ресейге қарағанда ертерек таусылуы мүмкін. Бұл туралы украиналық журналист Светлана Моренецтің The Spectator басылымында жарияланған мақаласында айтылған. 

Украина келесі жылға арналған мемлекеттік бюджет жобасында рекордтық тапшылықты бекітті. Бұл жағдай елдің қорғаныс қажеттіліктері мен қаржылық тұрақтылығына қатысты алаңдаушылық тудырып отыр.

Жаңа бюджет жобасына сәйкес, қорғаныс саласына ауқымды қаражат бөлінген. Соның салдарынан бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 18,4 пайызын, яғни шамамен 46 миллиард фунт стерлингті(33,6 триллион теңге) құрайды деп болжануда. Ал Халықаралық валюта қорының есебінше, бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін. Бұдан бөлек, үкімет ағымдағы бюджеттегі 6 миллиард фунт стерлингке(4,38 триллион теңге)жуық жетіспеушіліктің орнын толтыруы тиіс.

Киев соғыс қажеттіліктеріне жылына 92 миллиард фунт стерлинг(67,2 триллион теңге) жұмсайды. Бұл соманың тек жартысын ғана ішкі салықтар мен қарыздар есебінен жаба алады, ал қалғаны одақтастардың көмегіне тәуелді. Осы ретте Владимир Зеленский: «А жоспары – соғысты аяқтау, В жоспары – 92 миллиард фунт стерлинг», – деп мәлімдеді. Алайда серіктестердің мұндай қомақты соманы беруге дайын екендігі туралы нақты келісімдер әлі жоқ.

2022 жылдың ақпанынан бері Украина одақтастарынан 110 миллиард фунт стерлингтен(80,34 триллион теңге) астам қаржылай көмек алғанымен, бұл ақшаны тікелей әскери қажеттіліктерге жұмсауға рұқсат етілмейді. Шетелдік көмек тек әлеуметтік саланы қамтуға бағытталған. Жаңа бюджетте бұл қаражат зейнетақы мен ең төменгі жалақыны көтеруге, мұғалімдердің айлығын арттыруға, ардагерлерді оңалту орталықтарын салуға және ресейлік шабуылдардан зардап шеккендерге өтемақы төлеуге жұмсалмақ.

Бүгінде биліктің басты мәселесі – 800 мыңдық әскердің жалақысын төлеу, қаза тапқандардың отбасыларына өтемақы беру, бекіністер салу және оқ-дәрі мен қару-жарақ сатып алуды қаржыландыру. Тіпті күзде қару-жараққа қажет қаражат сарбаздардың жалақысынан алынғаны да айтылады.

Моренец бұл мәселенің екі ықтимал шешімін ұсынады. Біріншісі – одақтастарды қаржылай көмектің бір бөлігін әскери мақсатта пайдалануға рұқсат беруге көндіру. Екінші жол – Бельгияда бұғатталған 240 миллиард фунт стерлингтен(175,3 триллион теңге) астам ресейлік активтерді Украинаның қажеттіліктеріне жұмсау. Алайда бұл ұсыныстар әзірге нақты қолдау таппаған.

🅟Журналист: Арман Ермеков
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий