The World Financial Review: Қазақстан инвесторлар үшін тартымды елге айналып келеді
Қазақстан өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және цифрлық қызметтер арқылы инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтіп келеді. Бұл туралы экономика, қаржы және инвестиция тақырыптарына маманданған британдық The World Financial Review басылымы жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
«Қазақстан шикізат секторынан тыс инвестициялық көкжиегін кеңейтіп келеді» атты мақалада ел экономикасының өзгеруі, шетелдік инвестициялар және халықаралық ұйымдардың бағалауы талданған.
Басылым Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі экономикаға айналуында табиғи ресурстардың рөлі зор болғанын жазады. Мұнай-газ саласы шетелдік капитал тартып, экспорт кірісін арттыруға және инфрақұрылым салуға мүмкіндік берген. Алайда мұнайға тәуелділік экономиканы әлемдік бағаның құбылуына осал етіп, басқа салалардың дамуын шектеген.
Мақалада Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңарту және жеке кәсіпкерлікті қолдау бағыты осы тәуелділікті азайтуға арналғаны айтылған.
«Қазақстанның дәстүрлі артықшылықтары – қуатты ресурс базасы мен Еуразияның ең ірі нарықтарының арасындағы тиімді орналасуы – қазіргі таңда өсіп келе жатқан ішкі нарық, жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуы, сондай-ақ логистикалық және цифрлық инфрақұрылымның дамуымен толықтырылып отыр», – деп жазады басылым.
Мақаладағы деректерге сәйкес, 2025 жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 15 мың доллардан асып, жеті жылда 52,9 пайызға өскен. 2021–2025 жылдары тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 114,2 млрд долларды, ал 2019–2025 жылдары 155,8 млрд долларды құраған.
Басылым халықаралық қаржы ұйымдарының болжамдарына да тоқталған. Еуропалық қайта құру және даму банкі 2026 жылғы қыркүйекте Қазақстан экономикасы биыл 4,7 пайызға, 2027 жылы 4,5 пайызға өседі деген болжамын сақтаған. Дегенмен банк мұнай экспортындағы үзілістер, сыртқы сұраныс пен шикізат бағасының өзгеруі тәуекел тудыратынын атап өткен. Азия даму банкі 2026 жылғы өсімді 4,8 пайыз, келесі жылғы өсімді 4,5 пайыз деп бағалаған.
Мақалада S&P Global Ratings агенттігінің 2026 жылғы тамызда Қазақстанның ұзақмерзімді кредиттік рейтингін BBB− деңгейінен BBB деңгейіне көтеріп, болжамын «тұрақты» деп белгілегені жазылған. Агенттік экономиканың орнықтылығын, сыртқы резервтердің елеулі көлемін және мұнайдан тыс бюджет тапшылығының қысқаруы жөніндегі болжамды негізге алған. S&P биыл нақты ЖІӨ 5,1 пайызға, орта мерзімде шамамен 4 пайызға өседі деп күтеді.
Fitch Ratings те Қазақстанның рейтингін инвестициялық деңгейдегі BBB сатысында, болжамын «тұрақты» күйінде растаған. Агенттік сыртқы активтердің көлемі мен мемлекеттік борыштың салыстырмалы түрде төмен екенін атап, көлік, өңдеу өнеркәсібі және қызмет көрсету салалары өсімді қолдайды деп болжаған.
Өнеркәсіпке қатысты бөлімде өңдеу саласының экономикадағы үлесі тау-кен өндірісінің үлесінен асқаны айтылған. Кейінгі жеті жылда 625 өнеркәсіп кәсіпорны іске қосылып, 62 мыңға жуық жұмыс орны ашылған.
Осы кезеңде Қазақстанда 800 мыңға жуық автомобиль шығарылған. Өндірістің кеңеюіне Kia Qazaqstan және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan жобалары ықпал еткен. Басылым мұның қосалқы бөлшектер өндірушілері мен технология жеткізушілерін тартуға, Қазақстанда жасалатын бөлшектердің үлесін арттыруға мүмкіндік беретінін жазады.
Ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімі жеті жылда нақты мәнде 24 пайызға өскен. Ақшалай көлемі 5,2 трлн теңгеден 9,8 трлн теңгеге жеткен. Бұл өнім өңдеу, сақтау, тасымалдау, ауыл шаруашылығы техникасы мен жаңа технологияларға инвестиция салу мүмкіндігін кеңейтеді. Халықаралық компаниялар ішкі нарықпен қатар экспортқа арналған өндірістерге де қызығушылық танытып отыр.
Шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер саны жеті жылда 31,3 пайызға артып, 2025 жылы 4,5 млн адамға жеткен. Өсім жеке кәсіпкерлер мен шағын компаниялардың көбеюімен байланысты. Ал осы кезеңде пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 118,3 млн шаршы метрді құраған.
Мақалада кәсіпкерлікті қолдау саясаты жеке меншікті қорғауды, бәсекені дамытуды, әкімшілік кедергілерді азайтуды және мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқартуды көздейтіні атап өтілген.
Көлік инфрақұрылымы да инвестиция тартатын бағыттардың бірі ретінде көрсетілген. Жеті жылда 36 300 шақырым автомобиль жолы салынып, жөнделген, шамамен 5 мың шақырым теміржол салынып, жаңартылған. 110 теміржол стансасында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған.
2025 жылы тауарлар мен қызметтер бойынша сыртқы сауда айналымы 170 млрд доллардан асып, бес жылда 40,5 пайызға өскен. Басылым көлік желісінің дамуы қоймалар, тауар тарату орталықтары және экспортқа бағытталған өндірістер үшін жаңа мүмкіндік ашатынын жазады.
2026 жылы Қазақстан мен Еуропалық қайта құру және даму банкі 2030 жылға дейінгі бес жылдық келісімге қол қойған. Ол жеке секторды, инфрақұрылымды, цифрландыруды, қаржы нарығын және елдің өңірлік сауда-логистика орталығы ретіндегі рөлін дамытуға бағытталған.
Цифрландыруға қатысты деректер бойынша, мемлекеттік қызметтердің 90,3 пайыздан астамы электронды түрде ұсынылады. Электрондық қызмет түрлері 2021 жылғы 657-ден 2026 жылы 1 333-ке дейін көбейген, халықтың 97,5 пайызы интернетке қол жеткізген.
«Цифрландыру азаматтар, бизнес және мемлекет арасындағы қашықтықты қысқартады және қызметтерге қол жеткізу құнын төмендетеді», – делінген мақалада.
Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Global Innovation Index 2025 рейтингінде Қазақстан «Үкіметтің онлайн-қызметтері» көрсеткіші бойынша әлемде 10-орынға шыққан.
Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған ішкі шығындар 2019 жылғы 42,3 млрд теңгеден 2025 жылы 252,5 млрд теңгеге дейін өскен. Елде шетелдік университеттердің 32 филиалы ашылған. Басылым білім мен ғылымға салынған инвестиция болашақта технологиялық өндірістерге қажетті мамандар даярлауға негіз болатынын атап өтеді.
Бес жыл ішінде сыртқы борыштың ЖІӨ-ге қатынасы 83,1 пайыздан 59,4 пайызға төмендеген. Ал Дүниежүзілік банктің Қазақстанға арналған 2026–2031 жылдардағы бағдарламасы инфрақұрылымды, экономикалық тұрақтылықты және жеке секторды дамытуға бағытталған.
«Әртараптандырылған экономикалық модельге көшу ұзақмерзімді міндет болып қала береді», – деп жазады The World Financial Review.
Басылымның бағалауынша, алдағы нәтиже Қазақстанның қолда бар ресурстары мен инвестициялық әлеуетін жаңа салаларды дамытуға қаншалықты тиімді пайдалана алатынына байланысты.
Соңғы жаңалықтар