Тимур Құлыбаевтың компаниясына қатысты дауға министрлік нүкте қойды
Айранкөл кен орнын мемлекетке қайтару ұсынысына министрлік жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz сайты Forbes Kazakstan-ға сілтемемен.
Атырау облыстық мәслихатының депутаты Сырымбек Сәрсембаевтың Айранкөл мұнай кен орнын «Каспий нефть» компаниясынан алып, мемлекеттік «Доссормұнайгаз» компаниясының басқаруына беру туралы ұсынысына Қазақстанның Энергетика министрлігі ресми жауап жолдады.
Депутаттың айтуынша, министрлік жауабында Айранкөл кен орны мемлекет меншігі болып қала беретіні, ал «Каспий нефть» компаниясы оған меншік иесі емес, тек жер қойнауын пайдалану құқығына ие екені атап көрсетілген.
Министрлік мәліметінше, «Каспий нефть» мен мемлекет арасында көмірсутек шикізатын өндіруге арналған келісімшарт 2004 жылғы 15 қазанда жасалған. Қолданыстағы келісімнің мерзімі 2029 жылғы 15 қазанда аяқталады. Құжатқа сәйкес, келісімшарттың талаптарын өзгерту немесе оны мерзімінен бұрын тоқтату тек Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған негіздер болған жағдайда ғана мүмкін.
Сондай-ақ министрлік компанияның өзіне жүктелген міндеттемелерді орындап отырғанын хабарлады. Атап айтқанда, «Каспий нефть» жыл сайын Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жобаларды қаржыландырып, келісімшартта көзделген әлеуметтік міндеттемелерін орындап келеді.
Сонымен қатар компания қазіргі келісімшарт мерзімін ұзарту рәсімін бастап кеткен. Егер өтінімі мақұлданса, жер қойнауын пайдалану құқығы 2029 жылдан кейін тағы он жылға ұзартылып, 2039 жылға дейін жалғасуы мүмкін.
Ашық деректерге сәйкес, «Каспий нефть» компаниясының жалғыз құрылтайшысы – кәсіпкер Тимур Құлыбаевқа тиесілі Joint Resources компаниясы. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша компанияның таза пайдасы 8,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,9 пайызға артқан.
Еске салайық, бұған дейін депутат Сырымбек Сәрсембаев Айранкөл кен орнын жеке компанияның басқаруынан шығарып, оны мемлекеттік «Доссормұнайгаз» компаниясына қайтаруды ұсынып, бұл бастама қоғамда қызу талқыланған болатын. Алайда Энергетика министрлігі қолданыстағы келісімшарттың заңды күшінде екенін және оны тоқтатуға негіз жоқ екенін мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар