Тоқаев Астана әкімінің есебін тыңдады

25.05.2026 17:22 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаев Астана әкімінің есебін тыңдады
64
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдап, елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық даму барысымен танысты, деп хабарлайды Politico.kz. 

Жеңіс Қасымбек Астанада барлық басты экономикалық көрсеткіштер бойынша оң қарқын байқалғанын және биылғы төрт айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 588 млрд теңгені құрап, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 9,1 пайызға артқанын жеткізді. 

Қала басшысының мәліметінше, бұл қаражат өңдеу өнеркәсібі, білім, медицина, көлік және сауда мен логистика салаларындағы жобаларға бағытталған. Сонымен қатар әкім қоғамдық көлік жүйесін жандандыру мақсатында Astana LRT жеңіл рельсті көлік желісі толық жұмыс істеп тұрғанын және оның екінші кезеңі пысықталып жатқанын жеткізді. 

Елорданың әлеуметтік нысандары мен тұрғын үй алаптарын көркейту жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Соңғы жылдары Астанада 44 мектеп салынса, жаңа оқу жылында тағы 12 білім ошағы, 2 оқушылар сарайы және 6 балабақша ел игілігіне берілмек. Ал 2028 жылға дейін қалада 2 перинаталды орталықтың, көпбейінді аурухана мен диагностикалық кешеннің құрылысын аяқтау жоспарланған. 

Бұдан бөлек кездесу барысында шаһардың инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымы мен Smart City жобасының жүзеге асырылуы сөз болды. Жоспарға сәйкес, 2026 жылы 173 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылып, 1,1 млн түп жасыл желек егілетін болады. 

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әкімнің қызметіне оң баға беріп, қаланы одан әрі дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырма жүктеді. 

Айта кетейік, Астанада жақын күндері электр энергиясының тарифі айтарлықтай өсуі мүмкін екені айтылған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий