Тоқаев Бас прокуратурада жиын өткізді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратурада жиын өткізді, деп хабарлайды Politico.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратурада кеңейтілген жиын өткізіп, күштік құрылымдардың жұмысына қатысты бірқатар маңызды мәлімдеме жасады. Президент елімізде ауқымды өзгерістер жасалып жатқанын және алдымызда Конституциялық реформа жүргізу, мүлде жаңа саяси жүйеге қадам басу міндеті тұрғанын айтты.
«Кейбір шет елдерде болып жатқан қазіргі өте күрделі ахуалды көріп, бұл саясатымыздың дұрыстығына бәріміздің көзіміз жетіп отыр, оған ешқандай күмән жоқ. Заң мен тәртіп мемлекеттік саясатымыздың негізгі қағидаты ретінде қабылдануы керек, бұл қағидатты жаңа Конституциямызға міндетті түрде енгізу қажет деп санаймын. Себебі бұл ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын, өміршең қағидат екені даусыз. Бас прокуратураның осы саладағы рөлі аса маңызды. Прокуратура қызметкерінің заңның бұзылуына бейтарап, селқос қарауға құқығы жоқ», – деді Мемлекет басшысы.
Жиында құқық қорғау жүйесін цифрландыру үдерісіндегі кемшіліктер сынға алынды.
«Әр мекеме цифрлық жүйесін өз бетімен дамытуда. Бұл шаруа жүйесіз жүргізіліп жатыр. Біртұтас жүйе жоқ. Мысалы, кейбір органдар цифрлық тәсілдерді ұтымды қолданып жұмыс істеуде. Ал кейбірі дұрыс амал-тәсіл таба алмай, қыруар қаржы жұмсап жүр. Бұл, басқа сөзбен айтқанда, нағыз жымқыру. Сондықтан қаражатты орынсыз жұмсап, жаңа дүние жасаудың қажеті жоқ. Үкіметке қолданыстағы барлық цифрлық шешімдерді саралап, тексеріп, олардың тиімділігін арттыруды тапсырамын. Күштік құрылымдарға арналған түсінікті құрылымы бар және технологиялық стандарттары біркелкі бірыңғай цифрлық экожүйе жасалуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне тоқталған Мемлекет басшысы азаматтардың дербес деректерін қорғауды жүйелі түрде қолға алуды жүктеді.
«Ақпараттық кеңістікте азаматтардың дербес деректері жарияланып кеткені туралы хабар жиі шығып жатады. Дербес деректерді барынша қорғау үшін бұл жұмыспен жүйелі түрде айналысу керек», – деді Президент.
Сонымен қатар киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау талап етілді.
«Әлемде киберқылмыс өршіп барады. Жыл сайын мыңдаған азаматымыз соның құрбаны болып жатыр. Қазір интернеттегі алаяқтық қылмыстардың бестен бірі ғана ашылады. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажет. Цифрлық қатерге төтеп беру үшін құқық қорғау органдары бір қадам алда жүруге тиіс. Озық ойлап, артта қалмаудың амалын табу қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Көші-қон үдерістерін жаппай цифрландыру мәселесі де өзекті бағыт ретінде аталды.
«Көші-қон үдерістерін жаппай цифрландыру керек. Бұл – өте өзекті мәселе. Баяғыдан бері талқылап жатырмыз, дұрыс, оң нәтиже аз. Қазір әлемде күрделі ахуал қалыптасып отыр. Дүние жүзінде кең ауқымды көші-қон жүріп жатыр десек, қате болмайды. Қоныс аударғысы келетін шетелдіктер үшін Қазақстан – басқа елдерге өтуге де, тұрақтап қалуға да қолайлы мемлекет. Елге келген шетел азаматтарын уақтылы есепке алып, олардың жүріс-тұрысын бақылайтын техникалық құралдарды жетілдіру – аса маңызды міндет. Үкіметке Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, осы жұмысты тездетуді тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған қоса, ақпараттық кеңістіктегі деструктивті контентпен күрес мәселесі қозғалды.
«Технологияның қарқынды дамуы ақпараттық кеңістіктің түбегейлі трансформациясына жол ашады. Қоғамды жікке бөліп, азаматтарды бір-біріне қарсы қоятын деструктивті ақпарат таратуға бейіл адамдар да бар. Мұның бәрі өшпенділікке бастайтын ешкімге қажетсіз, тіпті қауіпті пікірталасқа жалғасады. Жасанды интеллектіні осындай адамдар ақпараттық қаруға айналдырып, заңға қайшы келетін контенттерді көптеп тарата бастайды. Бұған жол беруге болмайды. Ондай әрекеттерге құқықтық баға беріп, жауапкершілікке тарту қажет. Азаматтарға деструктивті контентті таратудың құқықтық салдары жөнінде үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн», – деді Президент.
Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев отаншылдық ұғымына тоқталып, оның әсіреұлтшылдықтан айырмашылығын түсіндірді.
«Ұлттық құрылтай отырысында мен отаншылдық ұғымы туралы пікірімді айттым. Отаншылдық, бұл жай ұран емес, отаншылдық дегеніміз – қасиетті сезім, мұның әсіреұлтшылдыққа еш қатысы жоқ. Қазақстанда біз отаншылдық ұғымына жауапкершілік және жасампаздық тұрғысынан қарауымыз керек, яғни отаншыл азамат ең алдымен жауапкершілігі жоғары және жасампаз азамат болуға тиіс. Отанға деген сүйіспеншілік – саяси ұпай жинау немесе қызметтік мансап жасау емес, бұл – Отаныңа жақсылық жасау, еліңе пайда әкелу деген сөз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кеңес барысында Бас прокурор Берік Асылов, Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Президенттің көмекшісі Қуанышбек Есекеев және Ішкі істер министрі Ержан Сәденов сөз сөйледі.
Соңғы жаңалықтар