Тоқаев Брюссельде Еуропа Одағының басшыларымен маңызды келісімдерге қол қойды

23.06.2026 19:40 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаев Брюссельде Еуропа Одағының басшыларымен маңызды келісімдерге қол қойды
45
Фото: Ақорда

Президент Қасым–Жомарт Тоқаев Брюссельде Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен және Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Кездесуде тараптар жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалог пен Орталық Азия өңірінде бірінші болып бекітілген Кеңейтілген серіктестік жөніндегі келісімді негізге ала отырып, сауда–экономикалық байланыстарды талқылады.

«Өзара сенім мен құрметке негізделген біздің қарым-қатынасымыз шынайы стратегиялық сипатқа ие болды. Мен Брюссельге сан қырлы ынтымақтастығымызды ортақ мүддеміз бар барлық салада тереңдету мақсатында келдім. Жаңа ғана қол қойылған маңызды келісім мен меморандумдар ықпалдастықты одан әрі нығайтуға бейіл екеніміздің айқын дәлелі. Бүгінгі келіссөз қорытындылары Қазақстан-Еуропа қарым-қатынасының жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін», – деді Қасым–Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қол қойылған жаңа құжаттардың маңызына тоқталып, еуропалық инвесторларға қолайлы жағдай жасалатынын жеткізді.

«Бүгінде ЕО Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Еуропалық компаниялар экономикамыздың түрлі саласына зор үлес қосып келеді. Олардың табысы еуропалық бизнестің Қазақстанға деген сенімін байқатады. Біз Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы сенімді серіктесі болғанымызды мақтан тұтамыз. Сондай-ақ еуропалық инвесторлар үшін тұрақты әрі тартымды инвестициялық климат жасауға ұмтыламыз», – деді Президент.

Войдите, чтобы оставить комментарий