Тоқаев генерал-майор Бауыржан Әбжановқа жаңа қызмет жүктеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен генерал-майор Бауыржан Садықұлы Әбжанов Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Жаңа басшы 1968 жылы Ақмола облысында дүниеге келген және әскери білімін Новосибирск пен Мәскеуде жетілдірген. Ол КСРО ІІМ Новосибирск жоғары әскери командалық училищесін, М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияны және Ресей Қарулы Күштері Бас штабының академиясын үздік бітірген. Сонымен қатар Бауыржан Садықұлы философия ғылымдарының PhD докторы және Әскери ғылым академиясының профессоры ғылыми дәрежелеріне ие.
Генерал-майор еңбек жолын 1990 жылы взвод командирі болып бастап, 2012 жылға дейін Ішкі әскерлер құрамасының командиріне дейінгі түрлі жауапты қызметтерді атқарды. Офицердің тәжірибе қоржынында 1988-1989 жылдары Кавказ республикаларындағы ұлтаралық қақтығыстарды реттеуге қатысқан кезеңдері де бар. Кейінгі жылдары ол Ішкі әскерлер мен Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына жетекшілік етіп, Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы Әскери Кеңесінің хатшысы болды.
Бауыржан Әбжанов 2018-2022 жылдар аралығында Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясын басқарды, ал жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары болған. Ішкі істер министрлігінің құрметті қызметкері 27 медальмен марапатталған және 2011 жылы оған генерал-майор әскери атағы берілген.
Соңғы жаңалықтар