Тоқаев «ҚТЖ» басшысы Алдыбергеновті қабылдады

Тоқаев «ҚТЖ» басшысы Алдыбергеновті қабылдады
31.07.2025 12:04
0
133
Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновті қабылдады, деп хабарлайды POLITICO.KZ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновті қабылдап, елдегі теміржол саласындағы соңғы жаңалықтар мен атқарылып жатқан жұмыстар жайлы тыңдады.

Кездесу барысында Талғат Алдыбергенов биылғы жылдың алғашқы жартысындағы нәтижелермен бөлісті. Оның айтуынша, жүк тасымалының айналымы 8,6 пайызға өсіп, транзит көлемі 14,6 миллион тоннаға жеткен.

Компания басшысы сонымен қатар ірі теміржол жобаларының іске асу барысын баяндады. Қазірдің өзінде 1700 шақырымнан астам жаңа теміржол желісі салынып, 3 мың шақырым жол қайта жаңғыртылып жатыр. Биыл Достық–Мойынты бағытындағы екінші желінің құрылысы мен Алматы бекетін айналып өтетін жаңа темір жол желісі пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Дарбаза – Мақтаарал бағыты бойынша жұмыс жалғасуда. Жаңа Бақты – Аягөз және Қызылжар – Мойынты бағыттарының да құрылысы басталып кеткен.

Терминал инфрақұрылымын кеңейту де басты назарда. Бұдан бөлек, теміржол саласына цифрлық технологияларды енгізу бағытында ауқымды қадамдар жасалуда. Әлемдік инновациялық компаниялармен бірлесе отырып, жолаушылар мен жүк тасымалының сапасын арттыру, қауіпсіздігін күшейту шаралары қолға алынған. Айта кетерлігі, Транскаспий дәлізіндегі транзиттік декларацияны рәсімдеу уақыты 8 сағаттан небәрі 30 минутқа дейін қысқартылған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев теміржол компаниясының ел экономикасы мен транзиттік әлеуетін арттырудағы маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ көлік инфрақұрылымын одан әрі жаңғыртудың маңыздылығына назар аударды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий