Тоқаев сыйлаған сағатты 2,9 млн теңгеге сатпақ болған қыз райынан қайтты

22.08.2026 12:22 Қарақат АСЫЛОВА
Тоқаев сыйлаған сағатты 2,9 млн теңгеге сатпақ болған қыз райынан қайтты
183

2,9 млн теңгеге бағаланған Тоқаевтың сыйлығы сатылымнан алынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қарағанды тұрғыны Анна Захарова Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыйлаған сағатын 2,899 млн теңгеге сатылымға шығарған. Алайда әлеуметтік желідегі қызу талқылаудан кейін ол шешімін өзгертіп, хабарландыруды өшірді.

Бұл сағатты Захарова 2023 жылы Мемлекет басшысымен кездесуден кейін алған. Сол кезде ол Президентке Наурыз есімді бір жарым айлық тазы күшігін сыйлаған. Жауап ретінде Тоқаев оған өз қолтаңбасы бар сағат тарту еткен.

Бұған дейін Анна сағатты тақпайтынын айтып, оны коллекционерлерге қызықты болуы мүмкін деп бағалаған. Ол сыйлықтың құжаттары бар екенін және бағаны келісуге дайын екенін де жазған. Сонымен қатар, сағаттың болашақта қымбаттауы мүмкін екенін болжап, 10 жылдан кейін оның құны 30 млн теңгеге дейін жетуі ықтимал екенін айтқан.

Алайда хабарландыруға қатысты пікірлер көбейген соң, Захарова сағатты сатудан бас тартты. Оның айтуынша, қолданушылардың пікірлері кейбір заттардың құнын ақшамен өлшеуге болмайтынын еске салған.

«Естеліктің орны расымен де бөлек»

деген ойға келгенін айтқан Анна енді сағатты өзінде қалдырып, Президентпен кездесуден қалған естелік ретінде сақтауға шешім қабылдаған.

Войдите, чтобы оставить комментарий