Тарихта алғаш рет! 16 жастағы дзюдошы әлем чемпионы атанды

22.08.2026 11:23 Қарақат АСЫЛОВА
Тарихта алғаш рет! 16 жастағы дзюдошы әлем чемпионы атанды
169
Фото: ҚЗ Дзюдо федерациясы

Қазақстандық дзюдошы Фатима Супыгалиева ел спортының тарихына енді, деп хабарлайды Politico.kz.

16 жастағы спортшы Эквадорда өтіп жатқан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.

Супыгалиева 52 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, жарыстың финалына дейін жетті. Шешуші белдесуде ол Украинаның өкілі Ксения Кирильчукпен кездесті.

Негізгі уақытта қарсыластардың ешқайсысы басымдыққа ие болмады. Ал қосымша уақытта қазақстандық спортшы шешуші әдіс жасап, қарсыласын иппонмен жеңді.

Осылайша, Фатима Супыгалиева Қазақстан тарихында қыздар арасында кадеттер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатын жеңіп алған алғашқы спортшы атанды.

Айта кетейік, әлем чемпионатының екінші күнінде Қазақстан құрамасы тағы үш медаль иеленді. Инжу Жұмажан 57 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдеге ие болса, Ерик Үсенов (66 кг) пен Бекали Еркен (73 кг) қола медаль жеңіп алды.

Екі күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медальмен жалпыкомандалық есепте көш бастап тұр.

Войдите, чтобы оставить комментарий