Тоқаев төрт облыстың әкімдеріне маңызды тапсырмалар берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Ұлытау облыстарының әкімдерімен телефон арқылы сөйлесіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есептерін тыңдады, деп хабарлайды Politico.kz.
Президентке өңірлердегі негізгі көрсеткіштер, алдағы жоспарлар және берілген тапсырмалардың орындалу барысы баяндалды. Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтарды дамытуда жаңа тәсілдер қажет екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру, халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік нысандардың, оңалту орталықтарының, емханалар мен ауруханалардың құрылысын жеделдету қажеттігін айтты.
Президент «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстарды жалғастырудың маңызын ерекше атап өтті. Бұдан бөлек, әкімдерге тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, олардың мәселелеріне жедел әрекет ету міндеті жүктелді.
Сонымен қатар өңір басшыларына экологиялық жағдайды бақылауда ұстау, қылмыс пен заң бұзушылықтарға қарсы күресті күшейту тапсырылды.
Соңғы жаңалықтар