Тоқаев жасанды интеллектке жауапкершілікпен қарауға шақырды: саясаттанушы не дейді?
Жасанды интеллектіні дамытуда асқан жауапкершілік пен адалдық қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумында осы мәселеге тоқталып, технологияның игілігін әр азамат сезінуі керек екенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен жетекші америкалық технологиялық компаниялар қол қойған Суперинтеллект туралы келісімді атап өтті.
«Жақында Президент Дональд Трамптың бастамасымен Американың жетекші технологиялық компаниялары Суперинтеллект туралы келісімге қол қойғанын айтқым келеді. Менің ойымша, мүдделі елдер осы тәсілді үлгі ретінде қарастырып, мұқият зерделеген соң жаһандық деңгейде қолдануға болар еді», деді Тоқаев.
Президент Қазақстанның толық цифрлық мемлекетке айналуына қажетті жағдайды біртіндеп жасап жатқанын айтып, форум қатысушыларына елдің осы бағыттағы қадамдары мен жетістіктерін таныстырды.
Саясаттанушы Эдуард Полетаев мемлекет басшысының сөзін талдап, Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы мақсаты мен мүмкіндігі туралы пікір білдірді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумында биыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жарияланғанын еске салды. Оның басты міндеті – қол жеткізген ілгерілеуді әр азамат сезінетін нәтижеге айналдырып, осы өзгерістердің кері кетуіне жол бермеу.
Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан жаңа технологиялық экономиканың берік негізін қалады, жаңа технология дәуірінде лайықты орын алуға қажетті барлық алғышарт бар. Бұл жолдағы табыс “терең білімге, батыл шешімдерге, нақты есепке сүйенген ұстанымға және жауапты әрекетке байланысты болады”», деп жазды Полетаев.
Сарапшы жасанды интеллект туралы сөз қазір алыс болашақтың қиялы болып естілмейтінін, алайда оны іске жарату үшін нақты міндеттерді анықтау қажет екенін айтады.
«Бүгінде жасанды интеллект саяси сөздердің маңызды бөлігіне айналды. Әлемдік державалар басшыларының сөзіне немесе мемлекеттік реформалар жоспарына ЖИ ұғымын қоссаңыз, ол енді болашақтың қиялы болып естілмейді. Болашақтың келіп қойғанын бәрі түсінеді.
Шын мәнінде, жасанды интеллект жүйелерге қосып қоя салатын сәнді құрал емес, тіпті жай ғана сұхбаттасатын бағдарлама да емес. Ел болашағын ЖИ-ге сүйеніп құруға шындап ниеттенсе, екі негізгі сұраққа жауап беруі керек: біріншіден, жасанды интеллект нақты не істеуге тиіс, екіншіден, оның жұмысы қалай қамтамасыз етіледі?» дейді саясаттанушы.
Полетаевтың бағалауынша, Қазақстан бірінші сұраққа жауап беріп отыр.
«Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы саясаты бірінші сұраққа іс жүзінде жауап береді. Ол ЖИ мемлекеттік басқару мен қызмет көрсетуге, өнеркәсіпке, қаржыға, білімге, денсаулық сақтау мен ғылымға көмектесетін, адамдардың өмір салтын өзгертетін болашақты көздейді. Бұл мақсаттардың маңызы бар.
“Өткен жылы қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Цифрлық шешімдеріміз әлемнің 100-ден аса елінде қолжетімді”, деп атап өтті Тоқаев», деп жазды сарапшы.
Ал жоспарды жүзеге асыру жолы әлі де нақтылауды қажет етеді, деп есептейді ол.
«Екінші сұрақтың жауабы көбіне болашаққа арналған пайымға сүйенеді. Өйткені Қазақстанда жасанды интеллект кейде бүкіл елге қажетті жүйелерді құру міндеті ретінде емес, сынақ жоба ретінде қарастырылады. Сондықтан мемлекет басшысы озық технология саласында қол жеткізген нәтижемен тоқтап қалуға болмайтынын анық айтты.
“Біз еліміздің мықты технологиялық негізін қалыптастырамыз десек, инновациялық стартап-компанияларға нақты қолдау көрсетіп, озық жобаларды жүзеге асыруымыз керек”, деп есептейді ол.
Осы үшін президент экономиканың нақты сұранысын көрсететін өнеркәсіптік ЖИ міндеттерінің тізімін жасауды маңызды санайды. Соның негізінде қазақстандық және шетелдік командаларды тарта отырып, AI Challenge байқауын өткізу қажет. Тиімділігін дәлелдеген үздік жобалар өндіріске енгізіледі», дейді Полетаев.
Саясаттанушы заң талаптары мен маман даярлау мәселесіне де тоқталды.
«Елді цифрландыруға қажетті негізгі құқықтық ережелер жасалды. Олардың қатарында “Жасанды интеллект туралы” заң мен Цифрлық кодекс бар. Бірақ президенттің айтуынша, бұл саланы талаптармен шектен тыс қысып, болашағы бар командалардың, әзірлемелер мен капиталдың басқа елдерге кетуіне жол беруге болмайды.
Оның үстіне, білімді әрі білікті мамандарсыз технологиялық серпіліс жасау мүмкін емес. Сондықтан Тоқаев маман даярлайтын ұлттық ғылыми-инженерлік мектеп қалыптастыру қажет екенін айтты. Жуырда ашылған Qazaq AI Research University университетіне ерекше міндет жүктеліп отыр», деп жазды ол.
Еске салайық, 1 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge 2026 халықаралық ақпараттық технологиялар форумы аясында жасанды интеллект, цифрлық технология және робот техникасы салаларындағы болашағы бар жобалардың көрмесін аралады. Форумның жалпы отырысында General Atlantic төрағасы әрі бас директоры Уильям Форд, NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредян, Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан және OneWeb пен E-Space негізін қалаушы Грег Уайлер сөз сөйледі.
Полетаевтың пікірінше, университеттің міндеті дайын құралдарды қолдануды үйретумен шектелмеуі керек.
«Университетке студенттерді өзгенің құралдарын пайдалануға үйрету үшін ғана емес, жергілікті қажеттілікке сай үлгілер жасауға ынталандыратын жағдай қажет. Сонымен бірге мемлекет Қазақстандағы деректерді цифрландырудың күрделі жұмысын жалғастыруға тиіс. Онсыз жасанды интеллект пайдасы аз құрал болып қала береді», деп түйіндеді сарапшы.
Соңғы жаңалықтар