Тоқаевтың жаңа бастамасы нені өзгертеді? Депутат жауап берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның алдағы ондаған жылдағы даму бағытын айқындауға атсалысатын арнайы сараптама тобын құрды. Құрылтай депутаты Никита Шаталов бұл шешімнің мәнін түсіндіріп, енді елдің болашағына қатысты маңызды жоспарлар жабық кабинеттерде емес, қоғамның қатысуымен әзірленетінін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Депутаттың сөзінше, Қазақстанда бұрын да ондаған жылға арналған стратегиялық жоспарлар болған. Бірақ оларды мемлекеттік органдар өз ішінде дайындап, кейін қоғам мен бизнеске дайын құжат ретінде ұсынатын.
«Енді бұл тәртіп өзгереді. Қазақстан тарихында алғаш рет ұзақмерзімді стратегиялық құжат негізгі басымдықтар бекітілгеннен кейін емес, бастапқы кезеңінен-ақ ашық талқыланып, әзірленеді. Яғни елдің болашағын айқындауға сарапшылармен қатар қоғам да қатыса алады», – деп жазды Шаталов.
Оның айтуынша, жаңадан құрылған топтың міндеті дайын стратегия жазу ғана емес. Сарапшылар түрлі зерттеулерді талдап, азаматтардың ел болашағын қалай елестететінін және Қазақстанның қандай бағытта дами алатынын зерделейді.
«Стратегия енді шағын топтың ғана еңбегі болмайды. Ол мамандар мен қоғам өкілдері тұрақты талқылайтын ортақ құжатқа айналады. Мұндай ашықтық инвесторлар үшін де маңызды. Өйткені бизнес ел экономикасының қай бағытта дамитынын және қандай ережелер қолданылатынын алдын ала біледі», – деді депутат.
Шаталовтың пікірінше, бұл бастама Тоқаевтың маңызды мемлекеттік шешімдерді қоғаммен ашық талқылауға бағытталған саясатының жалғасы. Ол жаңа Конституцияны әзірлеу кезінде де осындай тәсіл қолданылғанын атап өтті.
«Ондаған жылға арналған құжат бірнеше саяси кезең мен басқарушы команданың ауысуын бастан өткереді. Сондықтан қоғам оны жоғарыдан таңылған жоспар емес, өзі қатысып әзірлеген ортақ құжат ретінде қабылдауы маңызды», – деп түсіндірді ол.
Депутат Орталық Азия мен посткеңестік елдерде ұзақмерзімді жоспарлар әлі де көбіне жабық жағдайда жасалатынын айтты. Ал Қазақстан сарапшылар мен қоғамды осы жұмысқа тартып, стратегиялық жоспарлаудың басқа үлгісін ұсынып отыр деп есептейді.
Еске салайық, 23 қарашада Тоқаев Президент жанындағы Стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобын құру туралы өкімге қол қойды.
Бұл – Қазақстанның ұзақмерзімді даму бағыттары мен басымдықтарын пысықтайтын консультативтік-кеңесші орган. Оның жұмысын Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты қамтамасыз етеді.
Сараптама тобы кемінде айына бір рет жиналады. Отырыстарға мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың, бизнес пен азаматтық қоғамның өкілдері, сондай-ақ топ құрамына кірмеген басқа да мамандар қатыса алады.
Соңғы жаңалықтар