«ҚазМұнайГаздың» капиталы 22 триллион теңгеге жетті

«ҚазМұнайГаздың» капиталы 22 триллион теңгеге жетті
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдады, деп хабарлайды Politico.kz. 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның биылғы он айда атқарған қызметінің нәтижелері туралы есеп берілді.

Асхат Хасеновтің айтуынша, бүгінде «ҚазМұнайГаздың» капиталы 22 триллион теңгені құрайтынын жеткізді. 

Компанияның қаржылық жағдайы тұрақты және жалпы сомасы 16,7 триллион теңге болатын ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Компания 2026-2030 жылдарға арналған геологиялық барлау жұмыстарының бағдарламасын қабылдағаны жөнінде баяндады. 

23 жобаны іске асыру аясында 60 000 шақырым көлемінде сейсмикалық барлау жүргізу, сондай-ақ жалпы геологиялық ресурстық әлеуеті 4,7 миллиард тонна шартты отынға тең 26 іздестіру-барлау ұңғымасын бұрғылау көзделіп отыр.

Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» қолданыстағы активтерде үнемі қосымша барлау жұмыстарын жүргізеді. 

Атырау облысында Батыс Қарасор және Маңғыстау облысында Қаражанбастың Жағалау аймағы кен орындарын игеру басталды.

Кездесуде жасанды интеллект көмегімен кен орындарының цифрлық телнұсқасы енгізіліп жатқаны туралы айтты.

Сондай-ақ Асхат Хасенов презижентке тауарлық газ өндіруді қысқа мерзімде 2,6 миллиард текше метрден 4,5 миллиард текше метрге дейін ұлғайтуға бағытталған инвестициялық жобалар жөнінде мәлімет берді.

Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында газ нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Қосымша экспорт бағыттарын дамыту жұмыстары жалғасуда. 

Есепті кезеңде отандық мұнай өңдеу зауыттарында 14,9 миллион тонна мұнай өңделді. Жыл қорытындысы бойынша жеңіл мұнай өнімдерінің көлемі былтырғымен салыстырғанда 800 мың тоннаға өскен.

Бұдан бөлек, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 12 миллион тоннаға дейін, ал Павлодар мұнай химиясы зауытының қуатын жылына 6 миллион тоннадан 9 миллион тоннаға дейін ұлғайту жұмыстары қолға алынды.

Атырау облысындағы ірі мұнай-газ химиясы жобаларының, атап айтқанда полиэтилен өндірісі мен газ сепарациялау кешені құрылысының барысын таныстырды.

Сондай-ақ аймақтарда іске асырылып жатқан әлеуметтік жобаларға айрықша мән берілді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «ҚазМұнайГаз» қызметкерлері жыл басынан бері 386 мың ағаш отырғызған.

Президент геологиялық барлау және инвестициялық жобаларды іске асыру бағыттарында жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу