Қызылордада ер адам қыздарға араша түскен студентті пышақтап тастады
Қызылордада екі қызға тиіскен ер адамға қарсы шыққан 18 жастағы жігіт пышақ жарақатын алды. Оқиға 2026 жылдың 20 қарашасында кешкі сағат 19:30–20:00 шамасында Шұғыла шағынауданында болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Threads әлеуметтік желісінде жарияланған ақпаратқа сәйкес, 1984 жылы туған ер адам сыраханадан шығып, көшеде кетіп бара жатқан екі қызға тиісе бастаған. Сол маңнан өтіп бара жатқан медициналық колледждің 4-курс студенті Нұралла қыздарға араша түспек болған.
Салдарынан Нұралла пышақ жарақатын алды. Қазір студент ауруханада ем қабылдап жатыр.
Шұғыла шағынауданының тұрғындары күдіктінің бұрыннан бері жұрттың мазасын алып жүргенін айтады. Олардың сөзінше, ер адам күндіз де, түнде де өткен-кеткенге тиісіп, әдейі жанжал шығаруға тырысады.
«Егер 19:30-ды кеш уақыт деп ойласаңыздар, оқу орындарында сабақ сағат 19:00-де аяқталады», – деп жазды желі қолданушысы.
Автор қыздардың сабақтан үйге қайтар жолда да қауіпсіздігі қорғалмағанына назар аударған.
Қызылорда облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 42 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр, іс департамент басшылығының бақылауында», – делінген ресми хабарламада.
Соңғы жаңалықтар