"Жансыз денесі жатты": Актер Рүстем Жаныаманов ұлынан айырылған ауыр сәтті еске алды
Танымал актер Рүстем Жаныаманов пен жұбайы Жанаргүл отбасының басына түскен ауыр қайғы — ұлдарынан айырылған сәтті еске алып, жан сырын ақтарды, деп хабарлайды Politico.kz.
Журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында ерлі-зайыптылар перзент қазасының жандарына әлі күнге дейін бататынын жеткізді. Актердің айтуынша, мұндай ауыр сынақты еңсеруде екеуінің бір-біріне деген сүйеуі ерекше рөл атқарған:
«Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін. Бұл әлі күнге дейін біздің жанды жерімізге тиеді. Осыны көтеріп жүрудің өзі үлкен күшті қажет етеді. Жанар екеуміз бір-бірімізді іздеп тұрамыз. Басқа ешкім мені түсінбейтіндей көрінеді, тек Жанар түсінеді. Оның қасынан табылған кезде тынышталамын. Баламды қайтадан алып келетін ешқандай құдіретіміз жоқ. Осылай болу керек болды. Қабылдау керек, мықты болу керек. Қайғымды ішімде сақтағым келеді, оны жариялай да бергім келмейді. Бұл жариялайтын нәрсе емес. Сәл сынып бара жатсам, Жанарға келемін. Сол сәтте ол мықты болып тұрады. Жанар әлсіздік танытса, мен мықты боламын. Мықты болмасқа амал жоқ, өмір жалғасады», — деді Рүстем Жаныаманов.
Сондай-ақ өнер иесі марқұм ұлымен соңғы рет қоштасқан сәтін де тебірене баяндады:
«Мен барсам, баламның жансыз денесі жатыр екен. Ондай кезде ештеңе ойламайсың, тек бір Алладан қорқасың. Өйткені жан ұшып кетті. Сол кезде баламның басын ұстадым да, құлағына: "Лә илләһә илләлла, Мұхаммадур расулуллаһ" деп сыбырладым. "Біз кездесеміз, балам", — дедім», — деп еске алды актер.
Ерлі-зайыптылардың сөзінше, балалары негізгі дертінен емес, сепсис инфекциясынан көз жұмған. Дегенмен олар бұл жағдайға ешкімді кінәламайтынын жеткізді:
«Біздің балада ғана ондай диагноз емес. Көптеген балалар жатыр. Жаман ауру деп қана қоямыз. Бірақ оның ішінде де түр-түрге бөлінеді. Балалар өзінің диагнозынан емес, басқа аурулардан да көз жұмып жатты. Біздің баламыздың диагнозы басқа, сепсис инфекциясынан көз жұмды. Біраз нәрсе дұрыс болмаған сияқты. Бірақ ешкімді кінәлағым келмейді. Құлағыма баламның "Ешкім кінәлі емес" деген даусы келе береді. Баламыз өзі аз уақытқа келген», — деп түйіндеді Жаныамановтар.
Соңғы жаңалықтар