Төрт баланың анасын аяусыз өлтіргеннің жазасы ұзартылды
Ұлытау облысының прокуратурасы Жәйрем кентінде бірге тұрған әйелін өлтірген ер адамның жазасын қатаңдатуға қол жеткізді. Апелляциялық сот оның түрмеде өтеу мерзімін 13 жылдан 17 жылға дейін ұзартты, деп хабарлайды Politico.kz.
Прокурор қылмыстың бастапқы саралануымен келіспей, сотқа апелляциялық өтінішхат берген. Сот прокурордың уәжін қолдап, ер адамның әрекетін аса қатыгездікпен адам өлтіру деп қайта саралады (Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы). Сот актісі заңды күшіне енді.
Еске салайық, оқиға биыл сәуірде Жәйрем кентінде болған. 42 жастағы төрт баланың анасы Айгерімнің өліміне онымен некесін ресми тіркемей бірге тұрған 33 жастағы Абзал кінәлі деп танылды.
Сол кезде марқұмның әпкесі журналистерге ер адамның бастапқыда қамқор болғанын, кейін Айгерімді қызғанып, жиі жанжал шығарып, қол көтере бастағанын айтқан. Тіпті әйелдің анасы мен үлкен ұлын да ұрған көрінеді.
Әпкесінің сөзінше, ер адам жұмыс істемеген, ішімдікке салынған әрі жүрек ауруына шалдыққан. Дүкені мен жалға беретін бірнеше пәтері болған Айгерім отбасын асырап, ер адамның ем-домына да ақша төлеген.
Айгерім мен оның туыстары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты полицияға бірнеше рет жүгінген. Алайда марқұмның әпкесінің айтуынша, ер адамды көп ұзамай босатып отырған. Ол бұған ер адамның немере ағасы көмектескен болуы мүмкін деп күдіктенген.
Ақырында Айгерім одан кетуге шешім қабылдап, далада қалмасын деп өз пәтерлерінің біріне орналастырған. Алайда кейін ер адам әйелдің дүкеніне келіп, оны 20 рет пышақтап өлтірген.
Марқұмның артында төрт баласы қалды.
Соңғы жаңалықтар