Қазатомөнеркәсіптің ұсталған экс-басшысы Қуаныш Омарбеков кім?

Қазатомөнеркәсіптің ұсталған экс-басшысы Қуаныш Омарбеков кім?
Фото: Қазатомөнеркәсіп

«Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталғанына екі апта толмай жатып, әлемдік уран өндірісінде жетекші орын алатын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының басшылары да сыбайлас жемқорлық ісіне ілікті, деп хабарлайды Politico.kz.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі күдіктілерді 23 қарашада ұстаған. Алайда бұл туралы араға екі күн салып белгілі болды. Комитет ұсталғандардың санын ашып айтпады. Тек компанияның басқарма мүшесі, өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбековтің өзге тұлғалармен бірге ұсталып, қамауға алынғанын хабарлады.

Олар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген.

Осы тұста «Қазатомөнеркәсіп» те басшылық құрамындағы өзгерістер туралы хабарлады. Директорлар кеңесінің 24 қарашадағы шешімімен Омарбековтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған. Онымен бірге басқарма мүшесі, коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байғожин де қызметінен кеткен. Алайда ҰҚК оның есімін атамағандықтан, Politico.kz комитетке сауал жолдады.

БАҚ-та ұлттық компанияның төрт басшысы ұсталғаны айтылып жатыр. Әзірге бұл ақпарат ресми расталған жоқ.

Қуаныш Омарбеков кім және компанияда неге жауапты болды?

Қуаныш Алтынбекұлы Омарбеков 1986 жылы туған. Төрт жоғары оқу орнында білім алған. 2007 жылы Алматы экономика және статистика академиясын қаржы, 2014 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін құқық мамандығы бойынша тәмамдаған. 2017 жылы Ресей президенті жанындағы Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында іскерлік әкімшілендіру магистрі (MBA) дәрежесін алған. 2022 жылы Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетін металлургия және пайдалы қазбаларды байыту мамандығы бойынша бітірген.

Атом саласындағы еңбек жолын 2011 жылы «Қазатомөнеркәсіп жолдары» филиалында материалдық-техникалық қамтамасыз ету инженері болып бастаған. 2018–2022 жылдары KAP Logistics компаниясын (бұрынғы «Сауда-көлік компаниясы»), 2022 жылдың желтоқсанынан бастап «Ақбастау» бірлескен кәсіпорнын басқарған.

2023 жылдың маусымында «Қазатомөнеркәсіптің» өндіріс жөніндегі бас директоры болып тағайындалып, 29 маусымда басқарма құрамына енген. Сол жылдың тамызында қазір қамауда отырған Нұрлан Жақыпов ұлттық компанияның «Хорасан-U» және «Байкен-U» еншілес кәсіпорындарына барған.

Омарбеков ұлттық компанияның бүкіл өндіріс саласына, соның ішінде уран кен орындарын барлау мен өндіруге, еншілес және тәуелді кәсіпорындарды басқаруға, өндірісті жаңғыртуға, әртараптандыруға және экономикалық тиімділігін арттыруға жауапты болған.

Бұдан бөлек, ғылыми зерттеулерді дамыту, отандық және шетелдік ғылыми орталықтармен әріптестік орнату, ғылыми кадрлар даярлау әлеуетін арттыру, көміртек шығарындыларын азайту бағдарламасы да оның құзыретіне кірген. Еңбек пен қоршаған ортаны қорғау, жұмысшылардың денсаулығы, өндірістік, ядролық және радиациялық қауіпсіздік те Омарбековтің бақылауында болған.

Басшылардың ұсталғаны белгілі болғаннан кейін Қазақстан қор биржасында (KASE) «Қазатомөнеркәсіптің» акциялары арзандап жатыр. Ал компанияның басқарма құрамында төрт адам ғана қалды.

Ұлттық компаниялардағы тергеу

12 қарашада ҰҚК «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолының» басшысы Елжас Отыншиевті ұстаған еді. Олар өзге тұлғалармен бірге пара алуға оқталды деген күдікке ілінген. Бұдан бөлек, ҚТЖ-ның екі директоры мен «Самұрық-Қазына» қорының бір департамент директорының да ұсталғаны белгілі болды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу