Ресейдің наразылығын тудырған оқиға: Таразда ескерткішті қиратқандар табылды
Тараз қаласында ескерткішті қорлау фактісі бойынша полиция қызметкерлері күдіктілерді анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Тексеру барысында бұл әрекетке қаладағы мектептердің бірінде оқитын 7-сыныптың үш оқушысы барғаны белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, кәмелетке толмаған жасөспірімдер профилактикалық есепке алынды. Ал олардың ата-аналары бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу және оған түрткі болған себептерді жою мақсатында Білім басқармасы мен Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға арнайы ұсыныстар жолданды. Қазіргі уақытта тергеп-тексеру жұмыстары жалғасып жатыр, оқиғаның барлық мән-жайына түпкілікті құқықтық баға беріледі.
Еске сала кетсек, бұған дейін белгісіз біреулер 15 қазанда ауқымды қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін ашылған мемориалды бүлдіріп кеткен болатын. Аталған жайтқа байланысты Ресейдің Бас консулдығы Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне ресми нота жолдаған еді.
Арада бірнеше күн өткен соң бүлінген мемориал қайта қалпына келтірілді. Айта кетейік, мемориалдық кешенді жаңғырту жұмыстары Ресей тарапының қаржыландыруымен және жергілікті әкімдіктің қолдауымен жүзеге асырылған болатын.
Соңғы жаңалықтар