Трамп әкімшілігі Ресейдің әскери қылмыстарын тергеуді тоқтатты

Трамп әкімшілігі Ресейдің әскери қылмыстарын тергеу жөніндегі жұмысты қысқартуда, деп хабарлайды POLITICO.KZ The Washington Post басылымына сілтеме жасап.
Трамп әкімшілігі Ресей мен оның басшыларын, сондай-ақ олардың серіктестерін Украинадағы әскери қылмыстары үшін жауапқа тартуға бағытталған бастамаларды мақсатты түрде қысқартып жатыр.
Трамп қызметке кіріскеннен бері АҚШ әкімшілігі Мәскеуді халықаралық құқықты бұзғаны үшін жазалау мақсатында құрылған Еуроодақ басқаратын халықаралық топтан шықты. Сонымен қатар, Ақ үй Әділет министрлігінің әскери қылмыстарды тергеу тобын қысқартты және санкция салынған ресейлік олигархтардың активтерін тұтқындау бағдарламасын жойды.
Мәселемен таныс екі адамның айтуынша, әкімшілік Ресейдің Украинада жасаған қылмыстары туралы деректер жинайтын координатор лауазымын босатқан.
Бұл қызмет конгрессмен Джейсон Кроу мен бұрынғы конгрессмен, қазіргі Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Уолтц бірлесіп әзірлеген заң негізінде құрылған болатын.
«Координатор лауазымы Путинді украин халқына қарсы жасаған қылмыстары үшін жауапқа тарту мақсатында құрылған еді... Бұл қызмет Конгресте екі партиялық келісім негізінде құрылған, сондықтан әкімшілік заңға сәйкес осы қызметті атқаратын тұлғаға міндетін атқаруға мүмкіндік беруі тиіс», — деді Джейсон Кроу The Washington Post-қа берген мәлімдемесінде.
Кроудың айтуынша, егер Трамп пен Ұлттық барлау директоры Тулси Габбард «тұрақты бейбітшілікке қол жеткізгілері келсе, олар Путинді Украинада жасаған қылмыстары үшін жауапқа тартуға дайын болуы тиіс. Осы күнге дейін бұл әкімшілік Путинді жауапкершіліктен босатуға дайын екенін көрсетіп отыр».
Үш қазіргі және бұрынғы лауазымды тұлғалардың айтуынша, осы координатор басқаратын ведомствоаралық жұмыс тобы да таратылған.
Сарапшылардың пікірінше, бұл әрекеттер АҚШ-тың жаһандық деңгейде құқық үстемдігін жақтаушы ретіндегі рөлінен бас тартқанын одақтастар мен қарсыластарға білдіретін айқын белгі болып отыр.
Соңғы жаңалықтар





