«Туды атқа жабу ретінде пайдаланды». Адвокат блогер Бота Мианың үстінен арыз түсірді

30.07.2026 21:34 Томирис САҒЫНДЫҚ
«Туды атқа жабу ретінде пайдаланды». Адвокат блогер Бота Мианың үстінен арыз түсірді
45
Фото: instagram.com/persona_prava/ парақшасынан алынды

Адвокат Альбина Бахтиярқызы әлеуметтік желідегі парақшасында блогер Бота Мианың үстінен арыз түсіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Құқық қорғаушы арызды Ішкі істер министрлігіне бағыттаған. 

«Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне мемлекеттік рәміздерді қорғау мәселесі бойынша біз ресми арыз жолдадық. Арызда әлеуметтік желіде жарияланған материалдарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының атқа жабу ретінде пайдаланылғаны, сондай-ақ қойылымдық көріністің қоғамда екіұшты қабылдануына және мемлекеттік рәміздерге деген құрметке нұқсан келтіруі мүмкін екені көрсетілді. Өтініште көрсетілген мән-жайларға құқықтық баға беріліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жан-жақты тексеру жүргізіледі деп сенеміз. Мемлекеттік рәміздер – әрбір азамат құрметтеуге міндетті елдің қасиетті құндылығы», – деп жазды Альбина Бахтиярқызы.

Еске салсақ, «Бота Миа» атымен танымал блогер желіде дау тудырған сөздері үшін қырғыз халқынан кешірім сұрап, шабандоз балаға тұлпар мінгізген болатын.

«Осы күнге дейін Қырғызстанның мәдениеті мен медиа-индустриясын Қазақстанға әрдайым үлкен құрметпен таныстырып келемін. Қырғызстандағы жаңа әндер, клиптер, кинолар, сән индустриясындағы жаңалықтар болсын бәрін Қазақстандағы оқырмандарыммен бөлісіп келемін. Қырғызстан туралы әрдайым мақтанышпен айтып жүремін! Жақында кішкентай қырғыз баласының қазақ баласына көрсеткен кеңдігі мен адамгершілігіне бүкіл ел куә болды. Бұл — қазақ пен қырғыз халқының бауырластығын дәлелдеген үлкен өнеге. Сондықтан мен құр сөзбен емес, іспен құрмет көрсеткім келеді. Сосновка ауылына барып, кішкентай батыр шабандозға өзімнің құрметімнің белгісі ретінде тұлпар сыйлағым келді. Екі елдің арасына ешқашан сызат түспесін. Қазақ пен қырғыздың достығы әрдайым берік болып, бауырластығымыз мәңгі жасай берсін», — деді Бота Миа.

Войдите, чтобы оставить комментарий