Туған әпкесі сотталған: Ақсуда әкімінің орынбасарына қатысты дау шықты
Павлодар облысында Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Ризагүл Негмановаға қатысты әлеуметтік желіде мәселе көтерілді, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтемемен.
Бұған оның туған әпкесінің бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталғаны себеп болған.
Telegram-дағы арналардың бірінде жарияланған жазбада Негманованың мемлекеттік қызметте жұмыс істеу заңдылығына күмән келтіріліп, оған қатысты тексеру жүргізу ұсынылған.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі бұл жағдайға түсініктеме берді. Ресми мәлімет бойынша, Ризагүл Негманова мемлекеттік қызметте 2009 жылдан бері еңбек етеді. 2025 жылдың тамыз айынан бастап Ақсу қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді.
Әкімдік өкілдері оның туған әпкесінің 2023 жылдың ақпанында қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын растады. Алайда заңнамаға сәйкес, жақын туысының сотталған болуы адамның мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне автоматты түрде тыйым салмайды.
«Мемлекеттік қызмет туралы заң және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарына сәйкес, жақын туысының сотталған болуы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге кедергі келтірмейді», – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Сот материалдарына сәйкес, Негманованың әпкесі бұған дейін Щербақты ауылдық округі әкімдігінде маман болып жұмыс істеген. Ол Павлодардағы айыппұл тұрағынан екі Lexus LX 570 көлігін заңсыз алып шығу ісі бойынша сотталған.
Тергеу мәліметінше, іс бойынша бірнеше адам, оның ішінде бұрынғы ҰҚК қызметкері мен полиция қызметкері де болған. Сот Негманованың әпкесін алаяқтық және қызметтік жалғандық жасау бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырған. Жазаны өтеу мерзімі оның кәмелетке толмаған қызының жасына байланысты кейінге қалдырылған.
Ал Павлодар облысының Мемлекеттік қызмет істері департаменті бұл жағдайға қатысты әзірге пікір білдірген жоқ.
Соңғы жаңалықтар