«Үнсіз қала алмаймын»: Айжан Аймағанова әйелдерді кемсітуге қатысты қатаң мәлімдеме жасады

07.08.2026 23:10 Қарақат АСЫЛОВА
«Үнсіз қала алмаймын»: Айжан Аймағанова әйелдерді кемсітуге қатысты қатаң мәлімдеме жасады
273
Ашық дереккөз

Прокурор Айжан Аймағанова әлеуметтік желілерде соңғы күндері қызу талқыланып жатқан әйелдерді кемсіту және ерлер мен әйелдерді бір-біріне қарсы қоюға бағытталған пікірлерге қатысты өз ойын жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, қоғамда кең таралған мұндай көзқарастарға бейжай қарау мүмкін емес.

«Үнсіз қала алмаймын. Әлеуметтік желілерде әйелдерді кемсітуге, ерлер мен әйелдерді бір-біріне қарсы қоюға үндейтін пікірлер көбейді. Бұл жағдай мені алаңдатады», – деді ол.

Айжан Аймағанова Қазақстанның демократиялық, зайырлы әрі құқықтық мемлекет екенін атап өтіп, әр азаматтың ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік берілгенін еске салды.

Сондай-ақ прокурор әйелдердің қоғамдағы рөлі тек отбасы шеңберімен шектелмейтінін айтты. Оның сөзінше, әйелдер медицина, білім, ғылым, кәсіпкерлік, әскери қызмет және мемлекеттік басқару секілді түрлі салаларда еңбек етіп, елдің дамуына елеулі үлес қосып келеді.

«Әйелге құрмет көрсету – белгілі бір көзқарасқа немесе дәстүрге байланысты емес. Бұл – ең алдымен адамға деген құрмет. Ал адам қадірін құрметтеу – Конституциямыздың басты қағидаттарының бірі», – деп түйіндеді Айжан Аймағанова.

Войдите, чтобы оставить комментарий