"Тупой сұрақ": Біреудің үйінде иттің барын, жоғын әкім орынбасары не үшін білу керек

Заңгер журналистің сауатын сынға алды
Алматы облысы Қарасай ауданында қараусыз қалған иттердің баланы талап тастауына қатысты дау шенеунік пен журналистің сөзге келуіне және заңгердің оқыс реакциясына ұласты.
Журналист Руслан Өтепбай оқиғаға байланысты аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Орынбекұлынан сұхбат алған. Ол сұхбат барысында: "Сіз бұрынғы мәдениет үйінің маңында иттердің жүргенін білдіңіз бе?" – деп сұрайды. Алайда әкім орынбасары: "Білген жоқпыз" – деп жауап береді. Журналист: "Неге білмедіңіз?" – деп сұраған сәтте, шенеунік: "Неге мен білуім керек?" – деп жауап қатты.
Журналист өз уәжінде: "Сіз білу керексіз ғой, ит қайда, құс қайда бар екенін" – дегенді алға тартты. Бұған жауап ретінде әкім орынбасары ауданда 360 мың халық тұратынын еске салды.
Бұл диалогқа заңгер Молдахан Әділетхан видео-жауап арқылы реакция білдірді. Ол журналистің сұрағын "ТУПОЙ сұрақ" деп атап, мұндай талаптың ешбір заңда көрсетілмегенін мәлімдеді.
"Неге ит барын әкім орынбасары білуі керек? Қай заңда әкім орынбасары әр иттің қайда жүргенін біліп отыруы тиіс деп жазылған? Ондай міндеттеме жоқ. Ол әркімнің үйіне барып, ит тексеріп жүруі керек пе? Бұл сұрақты иттің иесіне немесе қаңғыбас жануарларға жауапты қызметке қою керек. Шенеунік дұрыс жауап берді", — деді Әділетхан.
Ол журналисті өз жұмысының шеңберін білмейді деп айыптады.
Соңғы жаңалықтар





