Түркістан облысында 4 жасар қызды шибөрі талап тастады
Түркістан облысы Отырар ауданының Шілік ауылында 4 жасар қызды шибөрі талады, деп хабарлайды Politico.kz.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, оқиға 26 сәуірде болған.
«Баланы шибөрі талап тастаған. Оны көрген бір тұрғын араша түсуге келген. Сол кезде шибөрі оның бармағын тістеп үлгерген. Қашып бара жатқанда үшінші тұрғын ұстамақ болып, ол да жарақат алды. Алайда үшінші адам шибөріні ұрып өлтіріп, кейін ветеринар мамандарға тапсырды», – деді аудан әкімдігіндегілер.
Шибөрі кішкентай қызды үш жерінен тістеп алған. Екі ересек адам амбулаториялық емге жіберілді, ал бүлдіршін ауруханада ем алып жатыр.
Әкімдіктің хабарлауынша, бұл аймақта шибөрі жиі кездеседі және тұрғындар үшін таңсық емес. Тіпті Түркістан қаласының өзінде де кездеседі.
«Ветеринариялық қызмет тарапынан шибөріден құтыру ауруына күдікті патологиялық материал алынып, аудандық ветеринариялық зертханаға жолданды. Зардап шеккен азаматтар аудандық орталық ауруханаға жүгініп, құтыруға қарсы профилактикалық екпе алды. Қазіргі уақытта олардың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында», – деп мәлімдеді әкімдік.
Инфекцияның таралуына жол бермеу үшін шибөрі анықталған аумақ пен зардап шеккен тұрғындардың аулалары залалсыздандырылды. Жалпы 630 шаршы метр аумақ өңделді.
Әкімдік бүгін кешке арнайы мамандар шибөрілерді аулауға шығатынын хабарлады.
Соңғы жаңалықтар