Түркістан облысында Ақбикеш мұнарасының бір бөлігі опырылып түсті

Түркістан облысы Созақ ауданындағы XII-XIII ғасырларға тиесілі Ақбикеш мұнарасының бір бөлігі құлады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Тарихи ескерткіш ғасырлар бойы биік төбеде тұрған, алайда жауын-шашын мен еріген қар суының салдарынан оның бір бөлігі опырылып түскен.
Қоғам белсенділері дабыл қақты
Белгілі қоғам белсендісі Жылбек Керімбек әлеуметтік желіде "Біз тарихи ескерткіштен айырылдық" деп дабыл қақты.
"Бұрыннан да бұл мәселеге назар аудару керек екенін айтқан едік. Мұнараны жаңбырдан қорғау үшін төбесін жабу қажеттігін ескерткенбіз, бірақ ешкім тыңдамады. Ақыры, күннің суықтығы мен жауын-шашын салдарынан тарихи ескерткіш қирады. Бұл бірінші рет емес – жыл өткен сайын ішкі құрылымы мен сылағы бүлініп келеді", – деді ол.
Мәдениет қайраткері де пікір білдірді
Қазақстанның мәдениет қайраткері Төрегелді Тәшенов те бұл жағдайға алаңдаушылық білдірді.
"Қар мен жаңбыр суынан қорғау үшін шатыр жабылмағандықтан, тарихи ескерткіш қирады. 600 жыл бойы тұрған мұнара мемлекеттің қорғауында болуы керек еді. Бұл өте қайғылы жағдай. Егер соңғы жылдары жөндеу жұмыстары жүргізілмегенде, ол әлі 100 жыл тұруы мүмкін еді", – деді Тәшенов.
Жергілікті билік шұғыл шара қабылдады
Созақ ауданының әкімдігі бұл жағдайға қатысты Түркістан облыстық мәдениет басқармасына шұғыл хат жолдағанын мәлімдеді.
"Ақбикеш мұнарасы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілген. 2020 жылы Кызылорда филиалы "Қазреставрация" мекемесі тарапынан реставрация жүргізілді. 25-26 қаңтар 2025 жылы қолайсыз ауа райы салдарынан мұнараның бір бөлігі қайта құлады. Бұл туралы аудан әкімдігі тиісті органдарға дер кезінде хабарлады", – делінген әкімдік мәлімдемесінде.
Соңғы жаңалықтар





