"Туысы прокурор": Прокуратура блогер Құралай Болатова ісіне қатысты мәлімдеме жасады

Атырау прокуратурасы блогер Құралай Болатованың ісіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды HALYQSTAN арнасы.
Атырау қалалық прокуратурасы блогер Құралай Болатованың соққыға жығылуына қатысты іс бойынша түсініктеме беріп, әлеуметтік желіде тараған кейбір мәліметтерді жоққа шығарды.
Мекеменің хабарлауынша, күдіктілердің бірі прокуратура қызметкерінің туысы деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
«Бұл мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді. Қылмыстық іске қатысы бар ешбір адамның прокуратура қызметкерлерімен туыстық байланысы жоқ», – делінген хабарламада.
Осыған байланысты прокуратура азаматтарды тергеу жүріп жатқан кезде теріс түсінік қалыптастыруы мүмкін жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.
Қазіргі уақытта бұл іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда. Полицияның мәліметінше, күдіктілердің бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, ал қалада табылмаған екінші күдіктіге іздеу жарияланды. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің «Адам ұрлау» және «Денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру» баптары бойынша тергеліп жатыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін блогер Құралай Болатова өзін таныстары алдап, қала сыртындағы зиратқа апарып соққыға жыққанын мәлімдеген болатын. Оқиғаға 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай дау себеп болған.
Соңғы жаңалықтар





