Үкімет ҚҚС-ты 16%-ға көтеруді жылдар бойы жоспарлаған

Үкімет ҚҚС-ты 16%-ға көтеруді жылдар бойы жоспарлаған
07.04.2025 16:39
0
65
primeminister.kz
ҚҚС-тың дифференциалды ставкасын енгізу – ескі жоспардың жалғасы болып шықты

Ұлттық экономика министрлігі (ҰЭМ) ұсынып отырған дифференциалды қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшері туралы бастама бұрыннан дайындалған жоспардың жалғасы болып шықты, деп хабарлайды POLITICO.KZ BES.media агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл туралы ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев BES.media редакциясының ресми шағымы бойынша өткен арнайы тыңдауда мәлімдеді.

Сағынаевтың айтуынша, 2023 жылдың өзінде ҰЭМ ҚҚС мөлшерін 20%-ға дейін арттыру мен оны дифференциалды ету туралы бірнеше сценарий дайындаған. Бірақ кейіннен әлеуметтік салықты азайту туралы келісімге келе алмағандықтан, ҚҚС мөлшерін 16%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылданған.

7 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен кездесуде ҚҚС мөлшері дифференциалды болуы керектігін айтып, 20%-дық ұсыныстан бас тартқан еді. Ал ҰЭМ бұл ұсынысты небәрі үш күннен соң, 10 ақпанда жариялады. Сағынаев осыған қатысты:

«Бізде барлық есептеулер, барлық нұсқалар бұрыннан, қаңтар айында дайын болған. Біз түрлі нұсқаларды қарастырдық – 10%, 12%, 16%, 18%, 20% және жыл сайын 1%-дан қосу деген секілді сценарийлер. Президенттің сөзінен кейін үш күннің ішінде бұл мөлшерлерді ойлап тапқан жоқпыз», – деп түсіндірді.

Оның айтуынша, ҚҚС-ты көтеру қажеттігі туралы халықаралық сарапшылар Қазақстанға бұрыннан ескертіп келеді екен.

«Әлеуметтік шығындарды бюджет есебінен жабу мүмкін болмағандықтан, фискалды жүктемені арттыру қажеттілігі туды. Соңғы екі жылда Ұлттық қордан алынатын трансферттер көлемі 2,5-3 трлн теңгеден 4-5 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл үкіметтің ҚҚС-ты көтеру туралы шешім қабылдауына әсер етті», – деді Сағынаев.

Министрлік өкілінің айтуынша, жаңа Салық кодексі маусым айына дейін қабылдануы тиіс. Қазір ҚҚС-тың дифференциалды мөлшері туралы ұсыныс мәжілісте талқыланып жатыр.

Айта кетейік, жаңа ұсыныс бойынша ҚҚС-тың негізгі мөлшер – 16%, жекелеген салалар үшін – 10%, ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін – 0% болып белгіленбек.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий