Украина Қазақстанның наразылығына жауап берді
Украина Сыртқы істер министрлігі Каспий құбыр консорциумының теңіздегі айлағына жасалған дрон шабуылына қатысты Қазақстанның білдірген наразылығына жауап берді. Ресми Киев бұл әрекеттердің Қазақстанға немесе өзге де үшінші тараптарға қарсы бағытталмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Украинаның сыртқы саяси ведомствосы Астананың инфрақұрылымға қатысты алаңдаушылығын назарға алғанын жеткізді. Министрліктің түсіндіруінше Қорғаныс күштерінің барлық іс-қимылы БҰҰ Жарғысының 51-бабында кепілдендірілген өзін-өзі қорғау құқығы аясында ресейлік агрессияға тойтарыс беруге негізделген.
«Украина тарапының ешқандай әрекеті Қазақстан Республикасына немесе басқа үшінші елдерге қауіп төндіруді мақсат етпейді. Біз тек басқыншы елдің соғыс жүргізу құралдары мен әскери-өнеркәсіптік нысандарын жоюға күш салып жатырмыз», — делінген хабарламада.
Ведомство өкілдері Қазақстанның Ресей тарапынан Украинадағы азаматтық нысандар мен энергетикалық жүйелердің қиратылуына қатысты ешқашан мәлімдеме жасамағанын еске салды.
«Өкінішке қарай, біз қазақ тарапынан Ресейдің Украинадағы бейбіт тұрғындарды, тұрғын үйлер мен атом электр станцияларының қосалқы станцияларын атқылағанын айыптаған мәлімдемесін көрмедік. Мәселен, жуырда ғана 9 сағатқа созылған зымыран шабуылынан Киевтің 500 мың тұрғыны жарықсыз қалды, бейбіт адамдар қаза тапты. Бірақ бұл жөнінде Астана үнсіз қалды», — деп атап өтті Украина СІМ.
Сөз соңында украин дипломаттары қазақ халқына деген құрметінің өзгермейтінін және екі ел арасындағы тарихи достық пен прагматикалық қарым-қатынасты сақтауға мүдделі екенін жеткізді.
Еске сала кетейік 29 қараша күні таңертең суүсті дрондары Каспий құбыр консорциумының теңіздегі инфрақұрылымына шабуыл жасаған болатын. Нәтижесінде «ВПУ-2» шығарылатын айлақ құрылғысы елеулі зақымданып толығымен істен шықты.
Осы оқиғаға байланысты 30 қарашада Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров арнайы мәлімдеме жасап наразылық білдірген еді. Ресми Астана Новороссийск портындағы азаматтық нысанға жасалған үшінші агрессиялық актіні екіжақты қатынастарға нұқсан келтіретін әрекет деп бағалады. Қазақстан жаһандық энергетикалық нарықтың жауапты қатысушысы ретінде мұндай жағдайлардың қайталанбауы тиіс екенін және украин тарапынан нақты шаралар қабылдауды күтетінін ескерткен болатын.
Соңғы жаңалықтар