Ұлдана Мырзуанның күйеуі: Елге ерегескенде екінші әйелім жүкті болса екен
Марқұм Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел екінші рет шаңырақ көтергеннен кейін алғаш рет сұқбат беріп, желідегі теріс пікірді қалай қабылдағанын әңгімеледі, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол «Қазақстан халық партиясының» youtube арнасына берген сұқбатында айтты.
«Қазіргі жүзімдегі күлкі мен бойымдағы қуат — ең әуелі Жаратқанның, одан кейін анамның және оның (екінші әйелі — ред. түсіндірмесі) маған көрсеткен қолдауының арқасы. Ол маған жаңа өмір сыйлады. Қазір өзімді бақытты сезінемін, жаңа белестерді бағындырып, табыстарға жеткім келеді. Ал әлеуметтік желідегі «ол екі айлық жүкті, мерзімі де өсіп калыпты» деген қаңқу сөздерге келсек — солай-ақ болғай! Мен тек қуанамын. Бәріне ерегескенде аяғы ауыр болсыншы. Алла жазса, өз ұлымды немесе қызымды құшағыма алып, бауырыма басар күнге де жетермін. Бұл — өмірімнің жаңа кезеңі, парақшаны таза парақтан бастап, жаңа өмірге қадам басудың белгісі болар еді», — деді Әділет Зейнел.
– Сонда бұл сөздерді растамайсыз да, жоққа да шығармайсыз ба? – деп сұрады журналист.
«Осылай-ақ болсыншы, бұл — жеке өмір ғой. Сондықтан оның жүкті екенін немесе еместігін нақты айта алмаймын. Тек егер бұл шындық болса, шын жүректен қуанатынымды білемін. Дегенмен, ел арасында айтылып жүрген сыбыстарды дәл қазір ресми түрде растай алмаймын. Не болса да, Бәрі — Алланың қалауы. Қайғыға тап болғанда кейбір ер-азаматтардың ішімдікке салынып немесе теріс жолға түсіп кететіні жасырын емес. Мен ондай әрекеттерге бара алмадым. Бұған алған тәрбием де, жүрегімдегі иманым да жол бермейді. Қараша айында барлық жұмысымнан шықтым: реабилитациялық орталықтағы да, бірінші қалалық ауруханадағы да қызметімді тоқтаттым. Өз-өзіме масыл болып жүргендей күй кештім», — деді ер адам.
Ары қарай ол бірінші әйелі қайтыс болғаннан кейін физикалық және психологиялық тұрғыда жұмыс істеуге қатты қиналғанын айтты.
«Иә, қарашаның 28-і немесе 29-ы күні біржола босадым. Оған дейін өз есебімнен демалыс алып жүргенмін. Бірақ кейін физикалық әрі психологиялық тұрғыдан жұмысты әрі қарай жалғастыра алмайтынымды ұқтым. Өйткені Бірінші қалалық ауруханада күн сайын жедел жәрдем көлігін көру ауыр тиетін еді. Содан соң жұмыстан шығып, біраз уақыт тек үйде жатуға мәжбүр болдым», — деді Әділет.
Соңғы жаңалықтар