Ұлдана Мырзуанның қазасы: қорғау тарабы істі қосымша тергеуге қайтаруды талап етті

26.08.2026 16:20 Мөлдір ҚАЙНАР
Ұлдана Мырзуанның қазасы: қорғау тарабы істі қосымша тергеуге қайтаруды талап етті
133
Фото: коллаж politico.kz

Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты кезекті сот отырысында пәтер иелері кооперативінің төрайымы Сәуле Жұбаниязованың қорғаушысы істі прокурорға қайтару туралы өтінішхат түсірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Адвокат Дәурен Еслямбекұлының айтуынша, сотқа дейінгі тергеу барысында маңызды мән-жайлар мен төрайымның әрекеті арасындағы себеп-салдарлық байланыс толық зерттелмеген.

«Менің қорғауымдағы Жұбаниязова кооператив төрайымы болып 2025 жылдың мамыр айында ғана тағайындалды. Оған дейін үйді ұзақ уақыт бұрынғы төрайым басқарып, құжаттарды өткізгенде ғимарат жағдайының жақсы екенін айтқан. Жұбаниязова бұл үйді жобалауға немесе салуға қатысқан тұлға емес, мердігер де емес және инженерия саласында арнайы білімі жоқ», — деді қорғаушы.

Сонымен қатар адвокат тергеу амалдары кезінде процессуалдық заң бұзушылықтарға жол берілгенін атап өтті. Оның сөзінше, Жұбаниязова істің басым бөлігінде тек куәгер мәртебесінде болып, күдікті ретінде тергеудің соңғы кезеңінде ғана танылған. Сондай-ақ іс материалдарындағы кейбір хаттамаларда уақыттың көрсетілмеуі мен қолдың қойылмауы сияқты кемшіліктер бар екені айтылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий