Шымкентте дәмханада қызды жарақаттаған ер адам ұсталды
Шымкентте дәмханаға келген қыздардың бірі жанжал кезінде жарақат алып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Оған шыны стақан лақтырған ер адамды полиция ұстады, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 25 қарашада Тәуке хан даңғылындағы дәмханада болған. Блогер Диана Болшынбаеваның жазуынша, қыздар көрші үстелде отырған алты ер адамнан дауыстарын бәсеңдетуді сұраған. Ер адамдар қыздармен танысуға әрекеттенген. Алайда қыздар бас тартқан соң, олардың ұлтын сұрап, балағаттай бастаған.
Әлеуметтік желіде тараған бейнебақылау камерасының жазбасынан ер адамдардың бірі қыздарға қарай шыны стақан лақтырғанын көруге болады. Блогердің айтуынша, зардап шеккен қыз беті мен қолынан жарақат алып, оған медициналық көмек көрсетілген. Ал алты ер адам полицияның келуін күтпей, дәмханадан кетіп қалған.
Шымкент қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«25 қарашада Шымкенттегі дәмханалардың бірінде келушілер арасында жанжал болған. Ер адам әйелге шабуыл жасап, оған шыны стақан лақтырған. Салдарынан әйел беті мен қолынан жарақат алған. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысын полиция департаментінің басшылығы бақылауына алған.
Соңғы жаңалықтар