Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдады

28.11.2025 12:03 Әсел Мұрат
Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдады
0
76
Фото: ашық дереккөз

Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Базалық мөлшерлеме 18% деңгейінде қалды.

«Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Қазіргі шешім болжамды раундтың нәтижесіне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағаларына және инфляциялық тәуекелдердің жалпы балансына негізделген», - делінген ведомство хабарламасында.

Жылдық инфляция қазанда 12,6% болды (қыркүйекте – 12,9%). Азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 13,5%-ға (12,7%) және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 11%-ға (10,8%) дейін қарқын алды. Қызметтердегі бағаның өсуі реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге бағаның әкімшілік төмендеуі салдарынан 12,9%-ға (15,3%) дейін баяулады. Жоғары инфляциялық динамика ұсыныс мүмкіндігінен жүйелі түрде асып түсетін орнықты сұраныс жағдайында қалыптасады. Тарифтік реформаның және жанар-жағармай нарығын ырықтандыру әсерінің бағалар мен инфляциялық күтулерге таралуы қосымша әсер етіп отыр.

Жекелеген тауар нарықтарында сақталып отырған теңгерімсіздік, орнықты сұраныс, импорттың қымбаттауы және шығындардың өсуі аясында азық-түлік компоненті бұрынғыша инфляцияға көптеп үлес қосты. Сервистік инфляцияның үлесі азайды, алайда бағаның өсу қарқыны баяулағанына қарамастан маңызды күйінде қалып отыр. Азық-түлікке жатпайтын инфляцияда жанармай мен фармацевтикалық өнім бағасының өсуі жеделдегені байқалады.

Қазанда айлық инфляция 0,5%-ға дейін айтарлықтай баяулады, алайда базалық инфляция 1% деңгейінде – жоғары күйінде қалды. 

«Инфляцияның 2025 және 2026 жылдарға болжамы қайта қаралды. 2025 жылы инфляция 12,0-13,0%, 2026 жылы  9,5-12,5% шегінде күтіледі. 2027 жылдың қорытындысы бойынша ол 5,5-7,5%-ға дейін баяулайды деп күтіледі», - делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий