ҰҚК енді Ақнәр Гүлістанның өлімі бойынша істі тергемейді
2024 жылдың жазында жетінші қабаттың терезесінен құлап кеткен КИМЭП студенті Ақнәр Гүлстанның өлімі бойынша іс ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінен қайтадан ІІМ-ге қайтарылды. Бұл туралы марқұмның анасы Гүлстан Хамит айтты, деп хабарлайды Politico.kz «NewTimes.kz» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Қызымның қаза болғанына екі жылға жуық уақыт өтті. Бірақ іс бойынша тергеу әлі күнге дейін аяқталған жоқ – материалдар сотқа жеткен жоқ. 8 ай бұрын іс ІІМ-нен Антикорға берілді. Ол жерде тергеу бір жылға жуық жүргізілді. Нәтижесінде олар осы уақыт ішінде не істеді? Ешқандай жауап берілген жоқ. Істі қолдан-қолға өткізіп, әдейі созып отырғандай әсер қалдырады», – деді Ақнардың анасы Гүлстан Хамит.
Марқұмның анасының айтуынша, құқық қорғау органдары бірнеше ай бұрын қайғылы оқиғаға дейін Ақнәрмен бірге бейнежазбада көрінген жігітке іздеу жариялаған. Сол бейнежазбада Ақнәрдің ашық терезеге жақындамақ болған сәті байқалады, алайда белгісіз жігіт оны тоқтатқан.
«Неліктен осы уақытқа дейін ол жігіт табылмай отыр? Бұл – құқық қорғау органдарына қойылатын орынды сұрақ. Мысалы, Атырау облысынан әйелінің туыстарын өлтірді деген күдікке ілінген адамды Индонезиядан тапты емес пе?», – деп наразылығын білдірді Гүлстан Хамит.
Гүлстан Хамит Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаментінен алған хаттың көшірмесін ұсынды.:
«2024 жылы 13 сәуірде Д. Муқияттың пәтерінде болған тұлғаның кім екені, сондай-ақ сіздің өтінішіңізде көрсетілген басқа да талаптар қылмыстық іс шеңберіндегі сотқа дейінгі тергеу барысында тексеріледі», - делінген депаратменттің хатында.
Анасының айтуынша, биыл 5 наурызда ІІМ жанынан үш адамнан тұратын арнайы тергеу тобы құрылған. Топқа ІІМ Тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Бахтияр Мұсабаев жетекшілік етеді..
«Ақырында істі қайтадан ІІМ қолға алды. Бірақ мені қазіргі тергеу тобының құрамына Алматы қалалық ПД тергеушісі Қайсар Шапқатты қосқаны қанағаттандырмайды. Ол бұған дейін Ақнәрдің ісін тергеу барысында өрескел заң бұзушылықтарға жол берген. Қазір тергеу тобы немен айналысып жатқанын білмеймін. Бірақ құрамында менің қызымның ісін тергеуде әділетсіздікке жол берді деп есептейтін тергеушіні көріп, қаулыға қол қоюдан бас тарттым», – деді Хамит.
Ақнәрдің анасы әділдік үшін күресуден шаршағанын айтты
«Ақырында марқұмды немесе өлтірген адамды психикалық ауру деп көрсеткісі келетіндей әсер бар. Мен шындық үшін күресуден шаршадым», - деді ол.
Оқиға туралы
Қайғылы жағдай 2024 жылдың шілде айында орын алды. 22 жастағы Ақнар Гүлстан Алматы қаласындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде жетінші қабаттан құлап қаза тапқан. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Тергеу органдары негізгі сұраққа жауап іздеуде: бұл өз-өзіне қол жұмсау ма, әлде зорлық-зомбылық салдарынан болған өлім бе. Арада екі жылға жуық уақыт өтсе де, тергеу әлі аяқталған жоқ.
Марқұм Ақнәр Қытайдан келген қазақ қызы болған. Оның курстастары да – этникалық қазақтар, оқиға кезінде Қытай азаматтығына ие болған. Солардың бірі – Ранна Асқар, оқиға кезінде Қытай азаматы, КИМЭП-те Ақнармен бір топта оқыған. Анасының айтуынша, дәл осы Ранна 2024 жылы 19 шілдеде Ақнарды өз үйіне шақырған. 19-нан 20 шілдеге қараған түні Ақнар жетінші қабаттан құлап, қаза тапқан. Кейін Ранна Қазақстан азаматтығын алған.
Екінші қыз – Дидар Муқият – Ақнармен бір жатақханада шамамен үш ай бірге тұрған. Оқиға кезінде ол да Қытай азаматы болған.
Марқұмның анасы Гүлстан Хамиттің айтуынша, қызының денесінде соққы іздері анықталған: тістелген, тырналған, тырнақтары сынған және шашы жұлынып алынған.
Соңғы жаңалықтар