ҰҚК «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталғанын растады

ҰҚК «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталғанын растады
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғанын ресми түрде растады. Екеуі де жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Politico.kz.

ҰҚК мәліметінше, екі басшыны 11 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің мамандары ұстаған.

«2026 жылғы 11 қарашада ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылқызметі «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының Төрағасы Н. Жақыпов пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқармасының Төрағасы Е. Отыншиевті және сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен басқа да адамдарды ұстады», – делінген комитет хабарламасында.

Қазір қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр. ҰҚК Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.

Тағы үш лауазымды тұлғаның ұсталғаны хабарланды

YEDILOV ONLINE Telegram-арнасының мәліметінше, кеше, 10 қарашада құқық қорғау органдары тағы үш лауазымды тұлғаны қылмыс жасады деген күдікпен ұстаған.

Олар – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарушы директоры, «Тасымалдау процесі дирекциясы» филиалының директоры Владимир Петров, «Самұрық-Қазына» қорының Сатып алу әдіснамасы, бақылау және мониторинг департаментінің директоры Азамат Сембай және «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары Қайрат Қабылов.

Алайда ҰҚК бұл үш адамның ұсталғанын жеке растаған жоқ. Олардың Жақыпов пен Отыншиевке қатысты қылмыстық істе аталған өзге адамдардың қатарында бар-жоғы әзірге белгісіз.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевтің ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.

Дереккөздің хабарлауынша, екеуі Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі (қылмысқа оқталу) және 366-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде немесе қылмыстық топ құрамында пара алу) бойынша күдікке ілінгені айтылған.

Айта кетейік, Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы болып 2023 жылдың сәуірінде тағайындалған. Ал Елжас Отыншиев 2026 жылғы 20 шілдеде қор басқармасының шешімімен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы қызметіне кіріскен.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу