«Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыповтың ұсталғаны рас па – қор жауап берді

«Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыповтың ұсталғаны рас па – қор жауап берді
Фото: ашық дереккөз

Астанада «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты қордың баспасөз қызметі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

Компания өкілдері әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарияланған ақпаратты әзірге растамады. Дегенмен, оны жоққа да шығарған жоқ. Қор уәкілетті органдардан ресми мәлімет түскенше және оқиғаның барлық мән-жайы анықталғанға дейін пікір білдірмейтінін жеткізді.

Алдын ала тараған ақпаратқа сәйкес, Жақыповқа ірі көлемде пара алды деген күдік келтірілуі мүмкін. 

Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» – Қазақстанның стратегиялық маңызы бар ірі кәсіпорындарының қызметін басқаруға және олардың тиімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік әл-ауқат қоры. Оның негізгі міндеті – ұлттық экономиканың маңызды активтерін басқарып, ел азаматтарының мүддесіне қызмет ету.

Қордың құрамына мұнай-газ, көлік, энергетика және телекоммуникация салаларындағы ірі компаниялар кіреді. Олардың қатарында «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «Қазатомөнеркәсіп», Air Astana, «Қазақтелеком» және KEGOC бар.

Нұрлан Жақыпов 2023 жылдың сәуір айында «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы қызметіне тағайындалған. 

Politico.kz ҰҚК-ге сауал жолдады. Жауап күтілуде.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу