Үш адамның өліміне әкеп соққан экс полицей 30 млн теңгеден астам өтемақы төлейді
Алматы – Қорғас тасжолындағы апаттан 3 адамның қаза табуына кінәлі деп танылған Абылай Жарылқасынұлынан 29 млн теңге моральдық зиян мен 1 799 089 теңге мүліктік шығын өндірілді, деп хабарлайды Politico.kz.
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарлауынша, сот азаматтық талапты ішінара қанағаттандырған. Осылайша сотталушы марқұмдардың туыстарына келтірілген моральдық және мүліктік зиян үшін 30 млн теңгеден астам қаражат төлеуге міндеттелді.
Сот 37 жастағы бұрынғы полиция майоры Абылай Жарылқасынұлын 10 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Сондай ақ ол өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Сот мәліметінше, іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345-1 бабының 4 бөлігі бойынша қаралған. Бұл бап алкогольдік масаң күйде көлік басқарып, жол ережесін бұзу салдарынан 2 немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдайларға қатысты.
Сот анықтағандай, 2026 жылғы 23 маусымда Жарылқасынұлы алкогольдік масаң күйде өзіне тиесілі HAVAL M6 көлігін басқарған.
Ол Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы аумағындағы Алматы – Шелек – Қорғас тасжолының 132 шақырымында қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Сол жерде қарсы келе жатқан AUDI көлігімен соқтығысқан.
Апат салдарынан 3 адам қаза тауып, тағы 3 адам түрлі дене жарақатын алған.
Қаза болғандар 41 жастағы жүргізуші Ахметжан Жүнісов, оның 40 жастағы жұбайы Гүлхумар Махаметова және олардың 20 жастағы қызы Дияра Тиип.
Ерлі зайыптының тағы 2 баласы және Дияраның 1 жасқа толмаған қызы ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Апаттан кейін марқұмдардың туыстары көлік жүргізген адамның полиция қызметкері екенін айтып, оның жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін деп алаңдаған еді.
Кейін журналист Михаил Козачков HAVAL көлігінің жүргізушісі Абылай Жарылқасынұлы екенін хабарлады. Оның 2026 жылғы сәуірде 37 жасқа толғаны және құқық қорғау органдарында 15 жылдан астам қызмет еткені айтылған.
Жарылқасынұлы 2020 жылғы сәуірде учаскелік инспектор болып жүргенде жергілікті ауруханада медицина қызметкерлерін балағаттаған мас ер адамды тоқтатқан. Бұл оқиға туралы сол кезде ҚР ІІМ сайты да жазған.
Кейін ол жедел уәкіл қызметіне ауысып, майор шенін алған.
Сот қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескеріп, бапта көзделген ең жоғары жазаны тағайындады.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар