Қорғас тасжолында үш адам қаза тапқан апат: Экс-полицейге сот шешімі шықты

10.09.2026 19:06 Қарақат АСЫЛОВА
Қорғас тасжолында үш адам қаза тапқан апат: Экс-полицейге сот шешімі шықты
378

Алматы–Қорғас тасжолында үш адамның өмірін қиған жол апатына кінәлі деп танылған бұрынғы полиция қызметкері 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот сондай-ақ сотталушыдан қаза болғандардың отбасына 29 млн теңге өндіру туралы шешім шығарды.

Сот үкіміне сәйкес, 37 жастағы Абылай Жарылқасынұлы жол-көлік оқиғасына себеп болған. Қайғылы жағдай 23 маусымда Алматы–Қорғас тасжолының 123-шақырымында болған.

Тергеу мәліметінше, Haval көлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Audi 100 көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Audi көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.

Оқиғадан кейін марқұмдардың туысы Гүлзана әлеуметтік желіде Haval көлігін тізгіндеген адамның полиция қызметкері болғанын және мас күйде көлік басқарғанын жазған. Кейін сараптама жүргізушінің қан құрамынан этил спиртін анықтады. Оның көрсеткіші 3,3 промилле болған.

Қаза болғандардың арасында 40 жастағы әйел, оның 41 жастағы күйеуі және 19 жастағы қызы болған. 19 жастағы қыздың артында 10 айлық Дильнара есімді қызы қалды. Марқұмдардың туыстарының айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін отбасының екі баласы мен немересі ата-анасыз қалған.

Войдите, чтобы оставить комментарий